ЕАЭО аясында 2016 жылдан бастап дәрілік заттардың ортақ нарығы қызметке кіріседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрілік заттардың ортақ нарығы қызметке кіріседі. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті. Жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.
None
None

«Дәрілік заттардың әлеуметтік маңызы бар екенін ескере отырып, Одаққа мүше мемлекеттер қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттарды қамтамасыз етуді көздейтін келісімге қол қойған болатын. Оған сәйкес, бірқатар қағидалар мен қағидаттар бекітілген. Біріншіден, Одақ шеңберінде айналымға арналған дәрілік заттар сапасына қойылатын бірыңғай талаптар қарастырылады. Екіншіден, дәрілік заттардың клиникаға дейінгі және клинкалық сынақтары зертханалық және клиникалық талаптарға сәйкес жүргізілетін болады. Үшіншіден, дәрілік заттарды тіркеу және сараптау кезінде әсер етуші заттардың сапалық құрамы болатын әртүрлі заттарды бір сауда атуымен белгілеуге тыйым салынатын болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған министр Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, заңға сәйкес дәрілік заттарды өндіру стандартары да қамтылып отыр. Келісім осы саладағы бірыңғай ақпараттық жүйені құруды, фармацевтикалық бақылаудың бірыңғай қағидаларын енгізуді көздейді. Ал Одақ аясында осы уақытқа дейін тіркелген дәрілік заттар 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін ортақ талаптарға сәйкестендірілуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар