ЕАЭО елдерінің басшылары ЕО, ШЫҰ, АСЕАН-мен байланыстарды жолға қою мәселелерін талқылауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпірге айналуы тиіс.
None
None

Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Бүкіл әлемде біздің экономикалық бірлестігімізге қызығушылық артып, одақ халықаралық байланыстарды барынша қарқынды дамыту үстінде екендігін білеміз. Осыған орай, биыл ұйымның төрағасы ретінде менің ұсынысыммен бұл жыл ЕАЭО-ның үшінші елдермен және басты интергациялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынасты тереңдету жылы деп жарияланды», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы ЕАЭО әлемдік экономикалық жүйеге толыққанды интеграцияланған ашық қоғамдастық ретінде құрылып, болашақта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпірге айналуы тиістігін баса айтты.

«Өткен жылы Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы бірінші шартқа қол қойылды. Бүгін біз шағын құрамда ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және көптеген басқа да елдермен ынтымақтастық мәселесін талқыладық. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіншілігін жеке қарастырдық»,- деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин қатысуда.

Соңғы жаңалықтар