ЕАЭО ықпалдастығы кезең-кезеңмен дамуы керек - Қ.Тоқаев

1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отырған конференцияның маңызына назар аударған Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауында қазіргі заман қатерлеріне басты жауап берілгенін атап өтті. «Стратегиялық маңызы бар және халықаралық мәнге ие бұл құжатты жаһандық тұрақсыздық жағдайында реформалардың кешенді жоспары ретінде қарастыру керек. Парламентшілердің міндеті дағдарысқа қарсы осы ерекше бағдарламаны заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сенат Басшысының пікірінше: «Қазақстанда көрнекті тарихи тұлға, жаһандық ауқымдағы саясаткер Н.Ә.Назарбаев бейнесіндегі президенттік институт қол жеткен барлық жетістіктерді: орнықты экономикалық өркендеу, демократиялық даму, ұлтаралық келісім, әлеуметтік молшылықты байланыстырып отыр». Жоғарғы палата басшысы Қазақстанда күшті президенттік биліктің болуы қоғамның стратегиялық негізгі міндеттеріне жауап береді, деп атап өтті. Сонымен бірге, елімізде кезең-кезеңімен саяси жаңғыру жүзеге асырылуда. 2007-2008 жылдардағы конституциялық реформалардың нәтижесінде еліміздің жоғарғы заң шығару органының рөлі елеулі түрде жоғарылады, «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беруші Үкімет» формуласы бойынша президенттік-парламенттік басқару түріне бірте-бірте көшу басталды.
Халықаралық ықпалдастықты өрістетуді орнықты дамудың маңызды ресурсы ретінде атап өткен Қ.Тоқаев 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмысы басталатын аса ірі Еуразиялық Экономикалық Одақ жобасы шын мәнінде біздің Елбасы идеяларының шырқау шыңы болды, деді. Бұл Одақтың негізгі миссиясы - қатысушы елдер азаматтарының әл-ауқатын көтеру, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің мемлекеттік егемендігі толық сақтала отырып, біздің елдерімізді әлемдік экономиканың жетекші орындарына шығару. Сенат Төрағасы Еуразиялық Экономикалық Одақтың құқықтық базасын қалыптастыру бойынша ЕАЭО елдері заң шығару органдарының алдында тұрған міндеттерді белгіледі. «Бұл қызметтің тұрпаты заң шығару ауқымын үйлестіру, халықаралық құжаттарды ратификациялау үдерістерін бірдейлеу, басқа аймақтық экономикалық бірлестіктермен ынтымақтастықты кеңейту жөнінде күш-жігерді үдетуді қарастырады», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы «жұлқып-тартпай және алға озбай ЕАЭО бірте-бірте дамуы тиіс, әйтпесе біз ұйымның басты міндетінен алшақтап кетеміз, ол ықпалдастық пен өзара тиімді іс-қимылды өрістетуді мақсат етеді. ЕАЭО оған қатысушыларға да және оған көз тігіп отырған басқа мемлекеттерге де тартымды болуы тиіс. Барлық шешімдер Одаққа қатысушы мемлекеттердің келісімімен тек консенсус негізінде қабылдануы керек» екеніне конференцияға қатысушылардың назарын аударды.
Парламент Мәжілісі ұйымдастырған «Президент. Парламент. Интеграция» конференциясына қатысушылар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын, Еуразиялық кеңістігі аясындағы ықпалдастық үдерістерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету және парламенттік дипломатияны белсенділендіру тақырыптарын талқылады.
Шараға Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы С.Е.Нарышкин, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан парламентшілері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, экономикалық ықпалдастық саласының мамандары мен сарапшылары қатысты.