Египетте «ЭКСПО-2017» аясында дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қараша күні Каир қаласында Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігі МАР Индустрия, сауда, орта және кіші бизнес министрлігінің ЭКСПО және конференциялар басқармасы және «Ұлттық компания «Астана ЭКСПО-2017» АҚ өкілдерінің қатысуымен «ЭКСПО-2017:«Болашақтың энергиясы» тақырыбында «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
None
None

Аталған шараға Мысырдың сыртқы істер, индустрия және сауда, туризм, МАР халықаралық ынтымақтастық министрлігінің өкілдері, балама энергетика саласындағы ғалымдар мен сарапшылар, Каир қаласында тіркелген бірқатар африка елдері дипмиссияларының басшылары мен қызметкерлері, мысырлық бизнес қауымдастығы, жетекші БАҚ журналистері қатысты.

«Дөңгелек үстелді» ашқан Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын өз сөзінде осы көрменің ұйымдастырылу тарихында ол бірінші рет дамушы елдер мен мұсылман қауымдастығына жататын Қазақстанда өтетіндігі африка елдерінің Астана кандидатурасына кең қолдау көрсетулерінің арқасында мүмкін болды деп, олардың өкілдеріне өз алғысын білдірді. Ол көрменің «Болашақ энергиясы» айдарымен өтуі оған қатысушыларға баламалы энергия саласындағы жаңа технологиялар мен жетістіктерін көрсетуге және олармен танысуға мол мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Еліміздің экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктері жайына тоқтала келіп, дипломат қатысушыларды Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген «Қазақстанның жаңа экономикалық саясатымен» таныстырды. Сондай-ақ ол 2015 жылы Евразиялық экономикалық одақтың өз қызметін бастауымен ашылатын әлеуетті өзара ынтымақтастықты дамытуға кеңінен пайдалануға шақырды.

«Астана ЭКСПО-2017»АҚ Ұлттық компаниясының халықаралық қатынастар департаментінің директоры Н.Ергешбаев көрме жобасымен таныстыра келіп, «Дөңгелек үстел»-ге қатысушыларды «ЭКСПО-2017»-ге дайындық барысымен, сонымен бірге оған қатысу шарттарымен және беретін мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырды. Астана қаласында өтетін көрменің өте ауқымды жоба ретінде ойластырылғанын, әрі оның «Болашақ энергиясы» деген атауының ғаламдық энергетикалық қауіп-қатерлерге лайықты жауап табуға септігін тигізе алатындығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол тұрақты энергия көздерін дамытуға бағытталған бағдарламалар, технологиялар жасалып, стратегиялық зерттеулер жүргізілуі қажеттігіне, қайта жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың, энергия үнемдейтін жоспарларды жасап, іске асырудың маңыздылығына және энергия ресурстарын пайдалануда үнемдей білудің қажеттігіне баса тоқталды.

Сонымен қатар, аталған шарада МАР Индустрия, сауда, орта және кіші бизнес министрлігінің ЭКСПО және конференциялар басқармасының төрағасы Халид Шихата «ЭКСПО-2017-ге Мысырдың қатысуы», МАР Электроэнергия және жаңарылатын энергия көздері министрлігінің Күн энергиясы департаментінің бас директоры Салех Абу Оуф «Жаңарылатын энергия көздері - Мысыр мен Қазақстанның ортақ мүддесі», «Тәуелсіз мысырлықтар» партиясының энергетика комитетінің төрағасы Ғалял әл-Гор «Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстандағы бизнес-мүмкіндіктер» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Шараға қатысушылар мен журналистерге ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы, «Қазақстан - 2050» Стратегиясы» таратылып, «EXPO Timeline» және «EXPO-2017 «Future Energy» бейне фильмдері көрсетілді, «ЭКСПО-2017» жайында ақпараттық және жарнамалық буклеттер, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен имиджіне қатысты басқа да материалдар тапсырылды.

Жалпы алғанда «Дөңгелек үстел» Египет қауымдастығын, Африка елдері өкілдерін және жергілікті БАҚ назарын «ЭКСПО-2017»-ге аудару тұрғысынан өте маңызды, әрі тиімді шара болды. Іс-шараға қатысушылар жасалған баяндамалардың мазмұндылығын, көрме жайындағы дайындалған ақпараттардың толыққандылығын жоғары атап өтті.

Соңғы жаңалықтар