Екі адамды айуандықпен өлтірген қылмыскер өмір бойы түрмеде отыратын болады - БҚО
Облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, 43 жасар тұрғын ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі, 145-бабы 2-бөлімі, 112-бабы, 187-бабы 2-бөлімі, 125-бабы 2-бөлімі, 179-бабы 1-бөлімі, 120-бабы 3-бөлімі бойынша айыпты деп танылды.
Сот талқысында анықталғанындай, қылмыскер 49 жасар әйел мен оның тоғыз жасар баласын аса қатыгездікпен өлтірген. Қылмыс жасалған кезде үйде болған кәмелетке толмаған қызы далаға қашып құтылған.
Сонымен қатар аталмыш қылмыс жасалмастан бір жыл бұрын сотталушыға әйел зорлады деген айып тағылған. Алайда алдын ала тергеу орындары оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жіберген. Сөйтіп ол мекенжайын өзгертіп, Орал қаласына келіп, айуандық қылмысты жасаған.
Бұған қоса сотталушының бұрын шығарылған үкім бойынша өтемеген мерзімі де бар болып шықты.
Аса қауіпті қылмыскердің енді мүлкі тәркіленіп, жазасын өмір бойы қатаң режимдегі түзету колониясында өтейтін болады.