Екі адамның өліміне әкеп соққан апатқа кінәлі азамат жазасыз қалмайды
Оқиға 2012 жылдың қыркүйектің 30-ы күні орын алған. Сол күні жүргізуші Нұрлан Әбдіраманов өзінің басқаруындағы «Nissan Murano» маркалы автокөлігімен Жаңақорған ауданының «Батыс-Еуропа - Батыс Қытай» тас жолының 2029-шақырымында жол апатын жасаған. Нәтижесінде көлік салонындағы екі жолаушы - Индира Әбиева мен Нұрбина Еспенбетова оқиға орнында қаза тапқан.
Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ алдын ала тергеу барысында жәбірленуші мен сезіктінің толық келісімге келулеріне орай қылмыстық іс өндірістен қысқартылған. Арада біршама уақыт өткеннен кейін қаза болғандардың бірінің анасы Г.Әбиева аудандық прокуратураға арыз жазып, қабылданған шешіммен келіспейтінін білдірген. Себебі, күдікті Н.Әбдіраманов марқұм болған қызының қырқын, жүзін, жылын өткізуге толық көмектесемін деп уәде бергеніне қарамастан, күйеуі Б.Әбиевтен алдап кешірім алып, қарасын көрсетпей кеткен болып шықты. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаменті анықтау басқармасының күдікті Н.Әбдірамановқа ҚР ҚК-нің 67-бабы 2-бөлігінің талаптарын қолдануда оқиға салдарынан екі адамның өлімге ұшырағанын назардан тыс қалдырғаны анықталды.
Осыған орай Жаңақорған аудандық прокуратурасы аға анықтаушы Т.Нұрымбетовтің қылмыстық істі өндірістен қысқарту туралы қаулысының күшін жойып, істі облыстық анықтау басқармасына тергеуді жаңғырту үшін кері жолдады. Нәтижесінде, басқарма аталған қылмыстық істі қайта қолға алып, қосымша тергеу амалдарын ұйымдастырды. Осы бойынша Н.Әбдірамановқа ҚК 296-бабы 3-бөлігімен айып тағылып, Жаңақорған аудандық сотына жолданды. Ал сот Н.Әбдірамановты тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сотталушы мұны ҚК-нің 63-бабын қолдану арқылы 2 жыл сынақ мерзімімен өтейтін болды.