08:27, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Екі ел президенттері Қазақстан мен Ресейдің VII аймақаралық ынтымақтастық Форумы барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев «Орнықты даму және жоғары технология» атты Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының VII аймақаралық ынтымақтастық Форумы барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекараралық ынтымақтастық туралы Келісімге, «Имашев» кен орнындағы трансшекаралық газ конденсатына геологиялық зерттеу және барлау жүргізу жөніндегі бірлескен қызмет туралы Келісімге және трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы Келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясының үш өңірлерінің басшылығы арасындағы келісімге қол қойылды.
Құжаттарға қол қойылғаннан кейін Мемлекет басшылары конструкторлық бюрода және IT-технология көрмесінде болды.