Екібастұз ГРЭС-1 стансысының №2 энергоблогында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды
Осыдан бұрын хабарланғандай, аталған энергоблокты қалпына келтіру жоспарланған мерзімінен бір жылға ертерек басталды, делінген Қазақмыстың баспасөз хабарламасында.
«Екібастұзэнергожөндеу» ЖШС - құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындаушы бас мердігер құбырлардың оқшауламасын ажырату, аумақты тазарту және жобалау-сметалық құжаттама бойынша дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұл бағдарлама қазандық жабдықтарының, турбинаның, генератордың ауыстырылуын, қазірдегі қосалқы жабдықтардың қалпына келтірілуін және тиімділігі жоғары болатын электр сүзгісінің орнатылуын қамтып отыр. Энергоблокты қалпына келтіруге жұмсалатын инвестиция сомасы 409-дан астам млн.АҚШ долларын құрайды. Қазіргі сәтте негізгі жабдықтарды жасату үшін жасалатын алдын ала төлем жобаның жалпы құнының 10 пайызын құрап отыр.
№2 энергоблокты іске қосып, пайдалануға беру 2014 жылдың мамыр айына жоспарланып қойды, ол электр стансысының қуаттылығын 3500 МВт-қа жеткізуге мүмкіндік береді, тиісінше, қосымша 25 тұрақты жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Бұған қоса, энергоблокты қалпына келтіру және жаңарту бағдарламасы қазақстандық мердігер ұйымдардың құрамында 450-500 уақытша жұмыс орындарының ашылуына себепкер болады.
«Екібастұз электр стансысы инвестициялық бағдарламаның орындалу сатыларын тұрақты да табысты түрде жеделдетіп келеді. Бұл ауқымы 1 млрд. теңгені құрайтын ірі жоба және де елімізде ұлғайып келе жатқан электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыру жөніндегі мемлекет алдындағы міндеттемелерді, сондай-ақ аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі Қазақстан халқының алдындағы міндеттемелерді орындау үшін бар күшімізді салудамыз», - дейді Қазақмыс тобының басқарушы бас директоры Олег Новачук.