Экономикада елеулі рөл атқаратын даму институттарына жаңа стратегия қажет

; АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары жер бетінде табиғаттың тосын мінезі жиілеп кеткен сыңайлы. Дүниенің бір бұрышын қуаңшылық жайласа, енді бір жерде алапат су тасқыны жүріп өтті. Аптап ыстықтың салдарынан адамдар жапа шегуде. Ресейдің еуропалық бөлігіндегі, Португалиядағы орман өрттері әлемнің назарынан тыс қалған емес.Тілсіз жау адам өмірімен қоса, әлденеше миллиардтық
None
None

шығынға ұрындырып отыр. Әлем елдері арасында төтенше оқиғалармен күресте алдына жан салмайтын Ресейдің өзі ормандағы тілсіз жауды ауыздықтаудағы қауқарымен таныла алмады. Осының өзі кез-келген мемлекет үшін төтенше жағдайдан «сақтансаң-сақтайды» деген қағидатқа баса назар аудару қажеттігін көрсеткендей.

Осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің басшылығымен өткен селекторлық кеңес еліміздегі өрт қауіпсіздігі мәселесіне арналды. Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жыл басынан бері мемлекеттік орман қорының 4 мың гектары аумағында 363 өрт шығу оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда орман өртінің 10 пайызға азайғанын көрсетеді, алайда биыл отқа оранған алқап көлемі, керісінше, 19 пайызға ұлғайып отыр. Ал далалы алқапта болған 169 өрттен 55 мыңнан астам гектар жер күйіп, одан келген шығын 4 млн. теңгені құрады. Өрт салдарынан 200-ден астам ұсақ мал басы қырылып, аймақтың өсімдіктер мен жануарлар әлеміне де айтарлықтай зиян тиген. Дала өрті кезінде екі адам қаза тапқан. Негізінен Төтенше жағдайлар министрлігі күштерінің тобында табиғат өртін ауыздықтауға арналған 238 арнайы техника бар. Алайда бұл техникалардың басым бөлігі 1970-1980 жылдары шығарылған, демек ескірген техника паркін жаңарту қажеттілігі министрліктің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі десе де болады. Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петровтың айтуынша, арнайы техникаларды жаңартуға шамамен 20-25 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қажет.

Министрлер Кабинетінің жиынын қорытындылай келе, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өрт қауіпсіздігіне байланысты барлық облыстарда арнайы штаб құру мәселесін алға тартты. Бұндай штабтың базасы Төтенше жағдайлар министрлігінде бекітіліп, оның жұмысын үйлестіру Үкімет басшысының Бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктелді. Сонымен бірге, Премьер-Министр өрт қауіпсіздігі мәселесін алдағы бірнеше аптадағы бірінші кезекте тұрған шаралардың бірі ретінде бағалап, осы мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Тілсіз жаумен күресте Ресейде жинақталып жатқан тәжірибені тыңғылықты зерделеу қажеттігін де алға тартты.

* * *

Осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен «Самұрық-Қазына» Қорының кеңейтілген отырысы болып өтті. Жиында Қорға қарасты ұлттық компаниялар есеп беріп, алдағы жоспарларымен, даму стратегиясы бағытымен бөлісті. Жиын барысында келтірілген деректерге қарағанда, ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісі 200 млрд. теңгеге жуық қаржыны құраған. «Алғашқы жартыжылдықтағы қаржылық есептіліктің алдын ала мәліметіне сәйкес, өзін-өзі ақтау жоспарында 12 ірі компания мен корпоративті орталық бойынша таза кіріс 2 еседен астам көрсеткішке орындалады. Біздің есептеуімізге қарағанда, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша қордың жинақталған таза табысы 200 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайды», деді жиын барысында Қор төрағасы Қайрат Келімбетов.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың бірінші жартысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 698 миллиард теңгенің жұмыстарын, қызметтерін, тауарларын сатып алған. Бұның 65 пайызы қазақстандық қамту бойынша орындалды. Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» компаниясы есебінен бюджетке 419 миллиард теңге көлемінде қаржы түсті. Ал қазіргі уақытта компанияның қатысуымен түсетін салық үлесі 22 пайызды, Ұлттық қорға түсімінің үлесі 25 пайызды құрап отыр.

Сондай-ақ Қорға қарасты «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының биылғы есепті кезеңдегі табысы 286 миллиард теңгені құрады. Бұл 2009 жылдың көрсеткішінен 20,6 пайызға артық. Ондағы компанияның таза табысы 41,2 миллиард теңгеге жетіп отыр. Компания басшысы Асқар Мамин жүк айналымы жартыжылдықта 101,2 миллиард т/шақырымды, жолаушылар айналымы 6,2 жолаушы/шақырымды құрағанын алға тартады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда сәйкесінше 13,6 пайызға және 5,9 пайызға жоғары.

Яғни, бұндай жетістіктің өзі Қазақстан экономикасының ағымдағы жылы да жақсара түскенін айғақтайды. Ұлттық әл-ауқат қорының, экономиканы жүргізудегі жетекші компаниялардың жартыжылдықтағы толайым табыстары бұл - бүкіл республика бойынша нақты өсімге қол жеткізілгенін көрсетеді.

Расында да, Статистика агенттігінің жедел деректеріне сүйенсек, 2010 жылғы бірінші жартыжылдық бойынша еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі ағымдағы бағалауда 8733,0 млрд. теңгені құраған. Атап айтқанда, 2009 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда нақты ЖІӨ-нің өсуі 8 пайызға дейін жетіп отыр. Ал ЖІӨ құрылымында тауар өндіру үлесі ЖІӨ-нен - 40,5, қызмет көрсету 56,8 пайызға тең екен. Бұл бірінші жартыжылдық бойынша ТМД аумағындағы ең жоғары көрсеткіш.

Ендігі мақсат дамудың бұндай қарқынын жыл бойына сақтай отырып, даму стратегияларын оңтайлы, нәтижелі жүргізу. Бұл үшін де жееткші компаниялардың басын құрайтын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на көп салмақ түсетіні айқын. Сондықтан да кешегі жиын барысында Үкімет басшысы К. Мәсімов Қор алдына маңызды тапсырмалар жүктеді. Оның ең бастысы дамудың жаңа стратегиясын әзірлеу.

«Менің ойымша, қазіргі кезеңде ағымдағы жағдайды тыңғылықты зерттеу керек. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» және оның құрылымына кіретін ұлттық компаниялар үшін қордың дамуын жаңадан, қайтадан зерделенген стратегиясын ұсыну қажет. Осы тұрғыда ағымдағы экономикалық ахуалмен алдымызда тұрған міндеттер ескерілуі тиіс», деді Үкімет басшысы. Бұл ретте бірінші кезекте корпоративті басқаруды жақсарту түсуге баса назар аударылуы шарт. Осы орайда Премьер-Министр ендігі күні міндеттердің орындалуына ғана емес, алға қойылған мақсаттардың қаншалықты тиімді орындалып жатқандығына, еңбек өнімділігі қандай деңгейде екенін, әр ұлттық компанияның жұмыс тиімділігі қаншалықты екені маңызды болып табылатын атап өтті. «Дәл осы мәселелерді ұлттық компаниялар «Самұрық-Қазына» қоры деңгейінде қарастыруы керек. Жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне, кейіннен Үкімет отырысына алдағы жылдарға негізделген даму стратегиясын ұсыну керек. Яғни, бұл тұрғыда тиімділікті арттыру мәселесі басты назарда болуы тиіс», деп тапсырды Үкімет басшысы Қордың төрағасы Қ. Келімбетовке.

Сонымен қатар, жиын барысында Үкімет басшысы К. Мәсімов «Самұрық-Қазына» қоры құрамына кіретін ұлттық компаниялардың бір бөлігін Қазақстанның қор нарығына шығаруды тапсырды. «Жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін компаниялардың бір бөлігін шағын пакеттермен Қазақстанның қор нарығына шығару мүмкіндігі бойынша ұсыныс енгізулеріңіз керек. Бұл шара қазақстандық ішкі қор нарығын дамыту үшін қажет», -деді Премьер-Министр. Бұл ретте Үкімет басшысы осындай қадам елімізде 2007 жылы басталғанын еске сала келе, кейіннен қаржы дағдарысы оның жүзеге асуына кедергі болғанын айтып, дәл қазіргі кезеңде қор нарығына қатысты мәселеге қайта оралу керектігін атап өтті. К. Мәсімовтың айтуынша, халықтың қолындағы қаржы индустриялдық саясат мақсаттарын шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға және басқа да шараларға жұмыс істеуі тиіс.

Премьер-Министр сонымен қатар, халықаралық жіктеудегі барлық шикізаттық тауарлар Қазақстанның тауарлы-шикізаттық биржасы арқылы саудалануы қажеттігін де көтерді. «Нақ осы мәселе «Самұрық-Қазына» қорына да және жалпы Үкімет жұмысындағы барша экономикаға да қатысты. Тауарлық биржаларды дамыту мен шикізаттық тауарларды саудалау мәселелері бізде Қазақстанда тиісті деңгейде шешіліп жатқан жоқ. Менің ойымша, қазір бұл мәселеге білек сыбана кірісу үшін тиімді секілді. Шикізаттық тауарларды саудалау мен тауарлық биржаларды дамыту бойынша түбегейлі ұсыныс енгізу үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне осыған байланысты кеңес ұйымдастыруды тапсырамын», - деді К. Мәсімов. «Мәселен, Лондон биржасында бағаланатын барлық шикізаттық тауарлар, міндетті түрде Қазақстанның тауарлы-шикізаттық биржалары арқылы сатылуы тиіс»,- деп қадап айтты Үкімет басшысы. Жалпы, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорының бірінші жартыжылдықтағы жұмысын, қордың алдына қойылған мақсат-міндеттерінің орындалуын оң бағалады.

Соңғы жаңалықтар