Экономикалық һәм экологиялық қатерлерді азайтудың жолы - оның алдын алу
мемлекет толық қорғана алмайтыны анық. Ең бастысы, қандай қатер мен қауіп болмасын, жедел шаралар қабылдап, жағдайға қарай икемді қадамдар жасаған дұрыс.Одан да абзалы «айтып келмейтін» осы тектес қатерлердің қай-қайсысының да алдын ала білу, апатты болғызбаудың, күйзелісті айналып өтудің амалын қарастыру. Сондықтан болуы керек, осы аптадағы Үкіметтің отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов әлем жұртшылығы алаңдап отырған осы екі үлкен мәселеге Министрлер Кабинетінің назарын аудартып, сол төңіректе елдегі жағдайды бағамдайтын тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әуелі экологиялық апатқа келсек, сәуірдің соңына таман Мексика шығанағында орын алған бұл төтенше жағдайдың сипаты да кез келген мұнай өндіруші барша елдерге тән. Оның ішінде теңізден мұнай соратын Қазақстан үшін де экологиялық қатерлердің, төтенше жайттардың алдын алу аса маңызды мәселенің бірі. Мексика шығанағындағы жағдайға келетін болсақ, бұнда мұнай өндіретін «Бритиш Петролеум» компаниясы платформасының бірінде өрт шығып, артынан жарылыс болған. Соның салдарынан ұңғыманың быт-шыты шығып, бүгінгі күнге дейін жүз мыңдаған тонна мұнай теңіз суына араласып кетті. Сарапшылар мұнай шығынынан келер экономикалық залалдарды кейінге ысырып, апаттан туындайтын экологиялық салдардың орасан екендігіне үндеуде.
«Мексика шығанағында «Бритиш Петролеум» секілді ірі компанияның қалқымалы бұрғылау қондырғысында орасан зор апат орын алды. Бұл үлкен әрі беделді компания, мұнай саласындағы тәжірибесі мол болғанымен де, төтенше оқиға бойынша өте көп мәселелер туындайды», деді Үкімет басшысы. Осы тұрғыда Премьер-Министр АҚШ секілді ірі мемлекет үшін бұл үлкен қасірет екендігін жеткізіп, еліміздегі мұнай өндіру саласындағы жұмыстарға да назар аударды. «Мұнай және газ министрлігі мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жұмыс тобын құрып, қазіргі кездегі проблемаларды ескере отырып, Каспийдегі мұнай өндіру саласы бойынша комиссия жұмысын ұйымдастыруды жүктеймін. Бұл мәселе жедел қарастырылуы қажет, тиісті ведомство басшылары қандай ұсыныстар жасайтынын және бұл комиссияны қалай құрылымдау қажеттігі туралы баяндаулары керек», деді К. Мәсімов.
Үкімет отырысындағы екінші назар аударылған мәселе жоғарыда атап өткеніміздей, Грекия күйзелісіне қатысты болып отыр. Жалпы, қазіргі Грекияның басындағы жағдайдың басым бөлігі бюджеттік проблемалардан, бюджеттік жоспарлаудың қайшылығынан туындағаны белгілі.
«Грекия Еуропалық Одаққа мүше мемлекет, еуро валюталық аумағына кіреді. Алдыңғы кезеңдердегі бірқатар проблемалардың, атап айтқанда бюджеттік үдерістің тұрақтылығына жеткілікті назар аударылмағандықтан Грекияда үлкен проблемалар туындап, бүгінгі күні жағдай өршігіп тұр. Бюджеттік үдеріс тұрақты ма, жоқ па, соған қарамастан популистік шешімдер қабылданды, соның салдары күйзеліске соқтықтырып отыр. Біз қазір дағларыстан шығып келеміз, Мемлекет басшысы белгілеп берген бағдарламаға сәйкес біз ілгері жылжудамыз. Сондықтан да дәл қазіргі кезеңде бюджеттің тұрақтылығы бірінші орында тұруы тиіс. Біз тек тапқан табысымыз қаншалықты көлемде болса, соншалықты шығыстық қаржы жұмсай аламыз, одан артық шығындала алмаймыз. Ал бұған әрбір министрлік пен ведомствоның жұмысын дұрыс, тиімді ұйымдастыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізуде келешек ұрпақтың нәсібіне қол созбауымыз керек», деді Премьер-Министр.
Осы орайда Премьер-Министр стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау жұмысын жақсылап жүргізу қажеттігін атап көрсетті. Премьер-Министрдің пікірінше, кей-кейде бұл жұмыстар керексіз, тіпті дағдарысқа қарсы бағдарламамен, оның аясында жүзеге асырылған іс-шаралармен салыстырғанда маңызды емес болып көрінуі ықтимал. Алайда, еліміздің бюджеттік үдерісінің тұрақтылығынан және орнықтылығынан база қалыптасады.
Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылғы мемлекеттік органдарда орын алған құрылымдық өзгерістерге орай, биылдан бастап республикалық бюджеттік жоспарлау ісімен ҚР Қаржы министрлігі айналысатын болады. Дегенменде, бүгінгі күні еліміздің стратегиялық жоспарлау жүйесінде жүргізілген жұмыстардың жаңашылдығына байланысты бірқатар проблемалар анықталғанға ұқсайды. Мәселен, Экономикалық даму және сауда министрі Жанат Айтжанованың айтуынша, стратегиялық жоспарларды қалыптастырудың әдістемелік базасында одан әрі жетілдіруді талап ететін бірқатар аспектілер бар болып отыр.
«Біріншіден, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу дәрежесін сипаттауға тиісті мақсатты индикаторлар көбінесе мемлекеттік органдардың ағымдағы қызметтерін қамтиды. Екіншіден, міндеттелген жалпыхалықтық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік басқару деңгейлері арасында жауапкершілік дәрежесі жеткіліксіз ажыратылған; кей-кейде стратегиялық жоспарларда әкімдіктер мен орталық атқарушы органдардың жауапкершілік саласы араласып кеткен. Үшіншіден, бірқатар стратегиялық жоспарлардағы мақсатты көрсеткіштер өлшеуге қиын сипатта, көбінесе оларды сандық тұрғыдан өлшеу мүмкін емес. Төртіншіден, стратегиялық жоспарлардың тиімді жүзеге асырылуына дүркін-дүркін түзетулердің енгізілуі де белгілі бір деңгейде теріс әсер еткен. Тек 2009 жылдың өзінде бюджет 3 рет, ал ағымдағы жылы 1 рет түзетілді», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеудегі әдістемені жетілдіру үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі стратегиялық жоспарларды әзірлеу жөніндегі әдістемелік нұсқауларды қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастап кеткен. Онда алдыңғы жылдардың тәжірибесі ескерілетін болады.
Тағы бір жайт, Министрлер Кабинетінің осы аптадағы отырысында Үкімет басшысы елдің бірқатар өңірлерінде азық-түлік пен жанармай бағасының артуына байланысты алаңдаушылығын білдірді. Премьер-Министрдің пікірінше, бағаның өсуі тиісті министрлер мен әкімдердің жауапсыздығынан орын алып отыр. «Біз азық-түлік бағасын дағдарыстың дендеп тұрған кезінің өзінде тұрақтандыра алған едік. Сондықтан да барлық әкімдер азық-түлік пен жанармай бағасының неліктен көтерілгенін анықтауы керек, бұған тұп-тура бір апта уақыт беріледі. Келесі аптадағы Үкімет отырысы да осы тақырыпқа арналып, әкімдер есеп беретін болсын, ол үшін бірінші орынбасар Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен шұғыл жұмыс тобын құруды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.