Экономикалық қылмыстар бойынша кішігірім және орташа ауыр қылмыстардың барлығынан бас бостандығынан айыру санкцияларын алып тастау көзделеді
«Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы жанына құрылған сарапшылар тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне кәсіпкерлікті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында осылай мәлім етті.
«Экономикалық қылмыстарға жататындардың ішінен қылмыстың 3 құрамы ішінара әкімшілік заңнама саласына ауыстырылу арқылы және әкімшілік ықпалды арттыру арқылы криминалсыздандырылады. Мәселен, заңсыз алынған қаражаттарды заңдастыруға қатысты экономикалық қылмысты алып қарайық. Бүгінгі күні қылмыстық жауапкершілікте «заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру» нормасымен қылмысқа тартылып жатады. Алайда, біздің пікірімізше, «заңсыз жолмен» дегеннің өзі кең ұғымды қамтып отыр. Осыған орай, біз заңсыз алынған қаражаттарды заңдастыруға қатысты қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстыруды қарастырамыз. Егер, заңдастыру қылмыстық жолмен жүзеге асса, онда бұндайда қылмыстық жауапкершілік сақталып қалады», деді И. Борчашивили.
Қылмыстық-құқықтық әсерін жеңілдету жолымен 24 қылмыс құрамын аса ауыр қылмыс санатынан орташа ауыр қылмысқа ауыстырылады. Атап айтқанда, орташа ауыр қылмыс түрлерінен 21 құрам шағын ауыр қылмыстар түріне ауыстырылады.
«Жалпы, экономикалық қылмыстар деңгейін ірі залал келтірулер бойынша өтемдер мөлшерін бірнеше дүркін арттыру арқылы да төмендетуге болады. Сонымен бірге, барлық кішігірім және орташа ауыр экономикалық қылмыстар санкцияларынан бас бостандығынан айыру нормасы алып тасталынады. Бұл Қылмыстық кодекстің 7-ші бөлімінде бас бостандығынан айыру қарастырылған санкциялардың 85 пайызы немесе 42 қылмыс құрамын құрайды», деді И. Борчашвили.