Экономикалық өсім жақсы болғанымен, сақтықты қажет ететін мәселелер де жоқ емес

ТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы аптаның басында ел Үкіметі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін қорытындылауға арналған арнайы отырыс өткізді.
None
None

Онда Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов пен Қаржы министрі Болат Жәмішев ел экономикасының даму көрсеткіштері туралы арнайы баяндама жасады. Министрлер келтірген деректерге көз жүгірте отырып, бірінші жартыжылдықта экономика салалары дамуының қорытындылары жыл басында болжанған көрсеткіштен әлдеқайда ілгері дамып отырғандығын байқаймыз. Айталық ағымдағы жылдың қаңтар -маусым айларындағы Ішкі жалпы өнімнің нақты көлем индексі өткен жылғыдан 107,1 пайызға артқан. Сондай-ақ елде өнеркәсіп өндірісі - 5,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 пайызға, бөлшек сауда тауар айналымы - 12 пайызға, көлік пен байланыс қызметі 6,4 пайызға және 16,5 пайызға өскен. Сондай-ақ 2010 жылмен салыстырғанда, әлемдік нарықтарда энергия ресурстарына, ауыл шаруашылығы өнімдеріне және металлға деген баға жоғары болып отыр. Қ. Келімбетов сөзінде биылғы қаңтар-шілдедегі мұнайға орташа әлемдік баға бір барреліне 111,78 АҚШ долларын құрағанын ескере отырып, 2011 жылға мұнай бағасының болжамы барреліне 65-тен 90 АҚШ долларына ұлғайтылғанын жеткізді. Қ. Келімбетовтің мәліметтері бойынша биыл Ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Отырыс барысында Экономикалық даму және сауда министрі елдегі ішкі және сыртқы факторларды ескере келгенде 2011 жылғы экономиканың өсімі 7 пайыз деңгейде бағаланғандығын, ал ол ақпандағы болжамнан2 пайыздық тармаққа және Елбасының тапсырмасына сәйкес экономика өсуінің индикативтік көрсеткіштеріне сәйкес екендігін атап өтті. Бұдан бөлек министр 2011 жылы экспорт көлемі 76,3 млрд. АҚШ долларын құрап, аталмыш көрсеткіш бұдан бұрын мақұлданған болжаммен салыстырғанда 17,2 млрд. АҚШ долларына жоғары болғандығын жеткізді. Яғни, экспорт бойынша көрсеткіштердің өсімі - экспорттық өнімдерге деген әлемдік бағаның жоғары болуымен түсіндіріліп отыр. Мұнымен қоса, тауар импорты да бұрын мақұлданған болжамнан 4,6 млрд. АҚШ долларына жоғары болды. Соңғы мәліметтер бойынша 2011 жылы импорт 38,4 млрд. АҚШ долларын құрамақ.

Министр келтірген мәліметтер бойынша 2011 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 пайызға өседі. Ал болжанып отырған тау-кен өнеркәсібінің 3,6 пайызға және өңдеу өнеркәсібінің 9,7 пайызға өсуі өнеркәсіп өндірісінің артуына ықпал етпек. Сондай-ақ осы уақытта болжанып отырған өңдеу өнеркәсібінің 2,4 пайыздық тармаққа өсіп, 9,7 пайызға дейін артуының нәтижесінде 2011 жылы өнеркәсіп өндірісінің болжанып отырған өсімі одан әрі ұлғая түспек. Қ. Келімбетовтің макроэкономикалық болжам аясында атап өткен тағы бір жаңалығы ‑ экономиканың даму көрсеткіштеріне жасалған түзетулерді ескере отырып, мемлекеттік бюджетке 270,2 млрд. теңге қосымша қаржы түседі және республикалық бюджетке қосымша 183,1 млрд. теңге құйылады.

Енді инфляция мәселесіне келейік. 2011 жылы инфляция параметрлері жыл соңында бұдан бұрын болжанған 6-8 пайыз дәлізіндегі межені бағындырады деп күтілуде. Ұлттық қордағы кепілдендірілген трансферт те 1,2 трлн. теңге көлемінде сақталып отыр. Үкімет отырысына қатысушылар экономикасының биылғы өсімінің жақсы нәтиже екендігін көрсетті. Дегенмен, алда экономикалық күрделі кезеңдердің тосын сыйлығы болуы ықтимал. Жалпы алғанда Үкіметтің бүгін нақтылаған макроэкономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізу еліміздің жалпы әл-ауқатына оң әсер етеді.

***

Осы аптадағы айтулы оқиғалардың бірі - Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен «Digital Communication Kazakhstan-2011» атты халықаралық көрме-конференциясы болды. Осы жиында сөз алған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өзінің инфокоммуникациялық технологиялардың дамуының жақтасы әрі белсенді қатысушысы екендігін және бұл саланың кез-келген елдің, кез-келген экономиканың болашағы үшін өте маңызды екендігін атап көрсетті. Ал инфокоммуникациялық технологиялар саласында қарқынды даму жолында тұрған Қазақстан үшін бұл саланың мән-маңызы ерекше. Сол үшін осы саладағы қазақстандық компаниялар әлемнің жетекші компанияларымен бірлесе жұмыс істеулері керек. Себебі, бұл сектордың дамуы білім беру, медицина, индустрия сынды салалардың даму қарқынынан ерекше серпін бермек.

Жиын барысында конференцияға қатысушыларды ақпараттық технологиялар саласындағы жаңалықтармен таныстырған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің мәліметтеріне қарағанда, елімізде Қазнетті пайдаланушылар саны 6,5 миллион адамға дейін өсті. Сондай-ақ домендік атаулар 62 мыңға дейін артып, қазақстандық сайттардың қаралу көрсеткіші 12,3 миллионға жеткен. Министрдің пайымдауынша, Қазнеттің қарқынды дамуы бірқатар жобалардың, атап айтқанда қазақ тілді Википедияның материалдармен толығуына, бұқаралық ақпарат құралдары сайттарының, baq.kz порталының құрылуына түрткі болды. Ал «Электронды үкіметті» енгізу нәтижесіндегі шартты үнем 40,2 млрд. теңгеге жетті және болашақта бұл көрсеткіштер тек ұлғая бермек. «Қазіргі уақытта аталған портал ел азаматтарына 74 интерактивті қызмет және 2000-нан астам ақпараттық қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіштер де болашақта айтарлықтай өсетін болады»,-деді министр.

Конференция барысында байланыс және ақпарат саласындағы жетістіктерімен бөліскен министрдің қуанышты жаңалықтары бұл ғана емес. 2014 жылға қарай еліміздегі электронды коммерция нарығының көлемі 1,2 млрд. долларға жетпек. Ал интернет-жарнама екі есеге ұлғаяды. Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, қазіргі таңда еліміздегі электронды коммерция нарығының көлемі шамамен 300 миллион долларды құрап отырса, интернет-жарнама көлемі 6 миллион долларға жеткен. «Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін бірқатар нормативті құжаттарды бекіту қажет болып тұр. Оларды біз үкіметтік емес ұйымдардың пікірлерін ескере отырып әзірлейміз. Бұл салада оң бәсеке болуы үшін бірқатар жүйе енгізу болжануда», - деді А.Жұмағалиев.

***

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды. Президент онда Зеленов ауданының орталығы Переметный кентінде су тасқынынан зардап шеккендер үшін бой көтерген Мұнайшы қалашығында болып, тұрғындармен жүздесті. Мемлекет басшысы тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, қиын жағдайға душар болған батысқазақстандықтарға аз уақыттың ішінде 18 миллиардтан астам теңге аударылып, 9 мың адам қауіпсіз жерге көшірілгендігін атап өтті. «Зеленов ауданында - 92, Тасқалада - 72, ал Орал қаласында 500 отбасына арналып небәрі үш айдың ішінде тұрғын үйлер салынды. Осының бәрі ел бірлігінің арқасы»,- деді Елбасы.

Сондай-ақ Президент сапар барысында Орал қаласы төңірегінде салынған қуаты 54 МВт газтурбиналы электр стансасының жұмысымен танысты. Бұдан соң Елбасы осы облыстағы экспортқа бағытталған етті мал шаруашылығын дамытудағы мүмкіндіктерімен танысты. Елбасы асыл тұқымды мал көрмесі мен өңір ауыл шаруашылығының жетістіктеріне көз жүгіртіп, сала мамандарымен, тауар өндірушілермен пікірлесті. «Биыл да астық шығымы өте жақсы болайын деп тұр. Біз соңғы уақытта 1 млрд. пұт астық жинап жүрміз. Соның 6-7 млн. тоннасын экспортқа шығарамыз. Астық өзімізге де жетеді. Батыс Қазақстан облысы жағдайында мал азықтық дақылдарды өсіруге баса назар аудару керек. Алдағы уақытта еліміздің мал шаруашылығы саласында да үлкен бетбұрыс болады. Біздің ата кәсібіміз - мал. Оған қажетті жер де жайылымымыз да, мүмкіншілік те бар. Сондықтан, дәнді дақыл еккенде, басым бағытты малға, мал азығына қарай бұру керек. Бір тонна еттің бағасы қазір 4 тонна бидайдың бағасымен бірдей. Мына Ресей 800 мың тонна етті сырттан сатып алып отыр. Сондықтан мен ауыл шаруашылығының өнімін 2 есе көтеру керек деп мақсат қойдым»,-деді Президент.

Елбасының аймақ тұрғындарымен кездесуі кезінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты көтерген мәселелері бұл ғана емес. Президент сондай-ақ дәнді дақыл, егін шаруашылығымен бірге ет, сүт шаруашылығын да дамыту керектігін ерекше атап өтті. «Өзімізді қамтып, сыртқа шығарып сату керек. Көкөніспен, етпен, сүтпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Сырттан әкелмеуіміз керек. Тамшылатып суару әдісін меңгерген оңтүстік қазір Қазақстанның барлық өңірін жауып тастады. Барлық жерде жылыжайлар салынуы керек. Мінеки, осындай үлкен бетбұрыс жасаудамыз. Қазақстан бойынша мал бордақылайтын 54 кешен болады. Оның төңірегінде 2300 шаруашылық қалыптаспақ. Қаншама ауыл халқы жұмыс табатын болады. Оның үстіне, қазіргі бағдарламалардан жақсы хабардарсыздар, жүріп жатқан индустриялық бағдарлама өз алдына, коммуналдық мәселені шешу - екінші бағдарлама, халықты таза ауыз сумен қамту - үшінші бағдарлама, халықты жұмыспен қамтамасыз ету - төртінші бағдарлама, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер де салынып жатыр. Биыл біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеміз. Еліміз қарқынды алға басты. Біз посткеңестік кеңістікте реформалардың көшбасында тұрмыз. Ең жоғары тұрмыс деңгейі қазақстандықтарға тиесілі. Алайда аграрлық кешенді өркендетпей, жалпы экономиканы көтеру мүмкін емес. Мемлекет мұны түсінеді, сіздерге орасан көмек көрсетудеміз. Еш мемлекетте мұндай қолдау жасалмайды. Біз мұны ауыл шаруашылығын көтеру үшін жасап отырмыз»,-деді Мемлекет басшысы. Президент сонымен қатар аймақ тұрғандарымен Дүниежүзілік сауда ұйымы, Кедендік одаққа қатысты ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар бүгін Мемлектет басшысының Атырау облысында жұмыс сапары басталды.

Соңғы жаңалықтар