Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары қаржы бақылау ұйымының 5-ші Ассамблеясы Астанада өтетін болды

Бұл жайлы ЭКОСАИ Басқармасының бүгін Алматыда өткен 14-ші отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ЭКОСАИ-ға Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдері мүше. Ал 2007 жылы қазан айында ҚР Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев 2010 жылға дейін ЭКОСАИ Басқармасының президенті болып сайланған болатын.
Отырыста Пәкістан Бас аудиторының орынбасары Мохамад Аюб Тарин, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Бас директоры Химаятулла Хан, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Шираз Хайдар ЭКОСАИ Бас хатшылығының есептік кезеңдегі жұмыстарының есебін, ЭКОСАИ хатшылығының 2008 жылғы бухгалтерлік есебін, ЭКОСАИ Тренингтік комитетінің 9-шы есебін берді. Сондай-ақ Пәкістанның жоғары қаржылық бақылау органының ЭКОСАИ циркулярының 9-шы басылымын шығару туралы және Ислам даму банкі қаржыландырған ЭКОСАИ-дың қаржылық аудитінің негізгі машықтары оқу семинарының есептері тыңдалып, мақұлданды.