18:13, 25 Мамыр 2016 | GMT +5
Экономиканы несиелеуді қалпына келтіру біртіндеп жүргізіледі - Д. Ақышев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық Банктің ақша-несие саясатының шаралары басқару және экономикалық шешімдер қабылдау негізінде жататын факторлар санының көп болуы салдарынан екінші деңгейдегі банктердің несиелік белсенділігіне дереу әсер ете алмайды. Сондықтан экономиканы несиелеуді қалпына келтіру Ұлттық Банк тарапынан қабылданған шаралардың әсерінен, сол сияқты елдегі экономикалық белсенділіктің жалпы жандануына қарай біртіндеп өтеді.

Бұл жөнінде журналистерге Астана экономикалық форумының жұмысы барысында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
Жалпы алғанда, Д. Ақышевтың айтуынша, банктердің экономиканы несиелеу көлемі 2016 жылғы сәуірдің соңында
12,3 трлн. теңге болды. Бұл ретте 2016 жылғы сәуірде 2015 жылғы қазаннан бастап алғаш рет ұлттық валютадағы несиелердің 0,2%-ға өсуі тіркелді.
Ұлттық Банктің басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу жөніндегі деректерді де келтірді, оның көлемі 2016 жылғы сәуірде 2 594,6 млрд. теңгеге дейін 4,2%-ға (экономикаға несиелердің жалпы көлемінен 21,1%) ұлғайды.