Экономиканы жаңарту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелерін талқылады - Шымкент

Мәжіліс «Алтын Орда» бизнес орталығында өтті. Онда Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсiптiк кешенін тұрақты дамытудың 2006 - 2010 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы туралы сөз болды. Ол құжаттың мақсаты - экономиканың аграрлық саласының бәсекеге қабілеттігін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Оңтүстіктің агрокешені мен «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдерімен болған әңгіме барысында тұрақты өткізу рыногі бар өнімдердің өндірісіне, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын субсидиялаудың жаңа түрлері мен тетіктеріне ауысу мәселесіне назар аударылды. Ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру, оларды несиелеу, жаңа технологиялар енгізу мәселелері де сөз болды.
Мысал ретінде Арыс және Түркістан аудандарындағы мақта шаруашылықтарының тәжірибесі қаралды, тамшылап суару технологиясы енгізілген ол шаруашылықтарда егіннің шығымы дәстүрлі гектарына 20 центнерден 50 центнерге жетіп отыр.
Үкімет, нақты секторға салынған әрбір теңге 1,9 теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді деп пайымдайды. Салынған қаржының негізгі пайдасы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аяқталғаннан кейін алынады, жобалардың өзін ақтау мерзімі 5 жылдан асады. Нәтижесінде ішкі нарық отандық өніммен толық қамтамасыз етіліп, саланың экспорттық әлеуеті жалпы экспорт көлемінің 8 пайызына жетеді.