16:59, 27 Ақпан 2012 | GMT +5
Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия Ұлттық қор арқылы қаржыландырылатын инвестициялық жобалар бойынша шешім шығарады - К. Мәсімов
АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Ұлттық қордың дағдарысты еңсеру қаржысы есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шешім шығару Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссиясына бекітіледі.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, инвестициялық жобаларға Ұлттық қор қаржысын пайдалану өзін-өзі ақтап отыр. Алайда, бұл шаралар жаһандық экономикадағы күрделі ахуалға байланысты уақытша әрі мәжбүрлі қадам.
«Ұзақ мерзімді болашақта Ұлттық қор «қауіпсіздік жастықшасы» мандатын сақтауы тиіс және қажет болған жағдайда еліміздің бюджетіне қолдау көрсетуі керек», - деп тоқталды К. Мәсімов.
Үкімет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі негізгі рөл ҮИИД МБ аясында ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға негізделгенін жеткізді. Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың бағдары болып қала бермек.