«Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмені Астанада өткізу ұлттық жобаға айналуы тиіс - В.Лоссерталес
Бүгін В.Лоссерталес өзінің Астанаға үшкүндік сапарының аясында отандық және шет ел бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
«Экспо-2017-ні» Астанада өткізу ұлттық жобаға айналуы тиіс. Мемлекет пен халықтың саяси және қаржылық қолдауына ие болу қажет», - дейді В.Лоссерталес.
Еске сала кетейік, В.Лоссерталес бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Ол сондай-ақ, жобаға тікелей қатыстырылатын құзырлы министрліктердің басшыларымен де жүздесті.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен болған кездесуде көрмені өткізудің экономикалық тиімділігінің мәселелері талқыланса, Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовпен Астана қаласына туристік ағымды тарту мүмкіндігі қарастырылды. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғановпен «Экспо-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясын дамыту. Энергетиканың жаңа түрлері» тақырыбы талқыланды.
Ал Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Бас хатшыны Экспоорталықты орналастыру жоспарланып отырған аумақпен таныстырды.
Оның сөзіне қарағанда, осы кездесулердің нәтижесінде Президент пен көрмеге қатыстырылатын министрліктер тарапынан қолдаудың жоғары екендігіне сенімі артты.
«Бұл қолдау бірнеше сипаттардан көрініс тауып отыр, бұл - ел басшылығының саяси еркі мен оның мемлекетті одан арғы дамыту мақсаты», - деп түйіндеді ол.
Өтінімдерді тіркеу ресми процедуралары 2011 жылғы шілде айына дейін аяқталу қажет, ал ұйымның барлық мүшелерінің соңғы шешімі 2012 жылға қарай шығарылатын болады.