13:18, 19 Сәуір 2014 | GMT +5
ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанада ауыз су тапшылығы болмайды - Е.Нысанбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 кезінде Астанада ауыз су тапшылығы болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Астана қаласында ауыз су жеткілікті. ЭКСПО-ға байланысты ауыз судың жету-жетпеуі туралы еш проблема туындамайды. Себебі, елорда түбіндегі «Астана» су қоймасы толық қамтамасыз етуге дайын», - деді Е.Нысанбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында елімізде жылына 9,5 шаршы шақырым су үнемделетін болады.
«Қарастырылып отырған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай ЖІӨ бірлігіне жұмсалатын су 2012 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 33 пайызға азаяды. Бұл - қабылданған мемлекеттік бағдарламаның негізі мақсатты көрсеткіштерінің бірі», - деді ол.