17:11, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
«ЕКСПО-2017» көрмесінен түсетін пайда олимпиада ойындарындағыдан да қомақты болмақ
АСТАНА. Мамырдың 26-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан 2017 жылы «ЕКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл мәселе жөнінде бүгін Қазақстан Республикасындағы көрме қызметін дамытудың перспективалары мен проблемалары. Көрмелер тиімділігін бағалаудың әдісі» атты дөңгелек үстел отырысында Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев
мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«ЕКСПО» - әлемдегі ең ірі көрме алаңдарының бірі. Әдетте бұл көрмені ұйымдастыратын мемлекет өз елінде тіркелген кәсіпорындардың тізімін береді. Яғни біз алдағы уақытта жолымыз болып, осы шараны өткізуге мүмкіндік алсақ, елдегі компаниялар арнайы тізімге енгізіліп, олар 2017 жылғы көрмеге қатысатын шетелдік компанияларға оператор бола алады. Басқаша айтқанда, бұл өте маңызды әрі ауқымды жоба», - деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, 2017 жылға дейін біршама уақыт бар. Алайда көрмені өткізу мүмкіндігіне ие болатын компания 2011 жылы, яғни екі жылдан соң анықталуы тиіс. Өйткені көрмені ұйымдастыру кезінде қажет болатын құрылыс нысандарын салуға 5 жыл уақыт беріледі. «Бұл - өте үлкен жоба. Ол - қыруар қаржы мен инвестиция. Бұл мәселе осыған дейін Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеевтың жетекшілігімен талқыланған болатын. Ондағы жария етілген мәліметтер бойынша, «ЕКСПО» көрмесінен түсетін пайда олимпиада ойындарынан да зор болады. Өйткені көрме ұйымдастырылатын елде салынатын құрылыс нысандары, мейманханалар мен өзге де инфрақұрылымдар сол елдің иелігінде қалады. Сондықтан біз 2010 жылы осы шараны өткізуге ұсыныс беруіміз қажет. 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Юсу қаласында өтетін көрмеден кейін кезекті көрменің Қазақстанда өтетіндігі жария етілсе, нұр-үстіне нұр болар еді», - деді А.Қазыбаев.