«ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылыс нысандары кестеге сай салынуда - Б.Әшімов (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрылысы кестеден қалмай, өз уақытымен салынып жатыр. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» атқарушы директоры Болат Әшімов журналистерге арналған пресс-тур барысында осылай мәлім етті.
None
None

Атқарушы директордың сөзіне қарағанда, ЭКСПО нысандарының бәрі жоспарға сай жүргізілуде, жаңа басшылықтың келгеніне қатысты да ешқандай төтенше өзгерістер орын алмаған. «Әйтсе де, бұл ауқымды құрылыс болғандықтан бәрін алдын ала ойластырып, шешіп тастауға да келіңкіремейді, кейбір жобалық-сметалық құжаттар өзгерістерге ұшырайтыны да анық. Ең бастысы, қаржылық жағынан проблемалар жоқ. Бастапқыда бөлінген қаражатты игеру аясында жұмыстар атқарылуда. Әзірше қымбаттау туралы әңгіме болған емес. Келісімшарттар сомасы алдын ала берілген өтінім сомасынан асқан емес. Бұл ретте 100 млрд. теңге шамасында қаражат игерілді. Мердігерлермен жасалған келісімшарттар сомасы шамамен 500 млрд. теңгені құрайды», - деді компанияның атқарушы директоры.

Оның сөзіне қарағанда, «ЭКСПО-2017» нысандар құрылысын аяқтау 2016 жылдың желтоқсанына қарай жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, бүгінгі күні көрме аумағындағы барлық нысандардың жертөле қабатындағы іргетастарды орнату жұмыстары аяқталып біткен. Жертөле қабатынан жоғары металл құрылғылар жүргізілетін бағытта монтаждау жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, инженерлік желілер тарту және уақытша ғимараттар мен мамандандырылған техникалар жұмылдыру жұмыстары да атқарылуда. Ал шілденің 20-сындағы жағдай бойынша ЭКСПО нысандары құрылыс аумағына 6 948 адам, 366 техника, соның ішінде 87 биік крандар тартылған.

Соңғы жаңалықтар