«ЭКСПО-2017» үшін тек қана баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамы тұрғызылады - Н.Назарбаев
деп жазады ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін баспасөзде жарық көрген «Астана - Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деген тақырыптағы мақаласында.
«Ежелгі дүниеде Рим жеті төбеде орналасқан деген сөз бар. Мәскеу туралы да осылай дейді. Астана туралы сегіз желдің өтінде тұр деп айтуға болады. Мұнда желдің соғысы өте жиі, тіпті күніне бірнеше рет өзгеріп тұрады. Бірақ астаналық тұрғындардың ерік-жігері Сарыарқадағы жел қуатымен тең түседі деп нық сеніммен айта аламын. Міне, сондықтан да біздің жас елорданың табыстары соншама сәтті де ұлан-ғайыр болып отыр», - деп жазады ҚР Президенті.
Елбасының жазуынша, қала айналасында астана осында ауыстырылған алғашқы жылдары отырғызылған «жасыл белдеу» ағаштарының бойы 10 метрден астамға көтерілді. Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Бүтіндей алғанда, елорда айналасындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, мұның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. Бұл жұмыс жалғасуда. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары көгалдандырылатын болады.
«Болашақтың энергиясы» - осындай тақырыпты біз ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өзімізде өткізу туралы Астана құқын қорғаған кезімізде ұсындық. Біздің бұл өтінімімізге әлемнің 100-ден астам мемлекетінің өкілдері қолдау білдірді. Астана қазірдің өзінде осы оқиғаға мұқият дайындалу үстінде. Жаңа көрме кешені орналасатын орын айқындалды. Қалалық инфрақұрылымды 3 айдың ішінде 5 миллионға тарта туристі қабылдай алатындай етіп дамыту туралы шешім алынды. Тек қана баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамы тұрғызылмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанға және көрменің барлық қатысушыларына технологиялық және экономикалық дамуының мүлдем жаңа деңгейіне шығу мүмкіндігін беретіндігі күмәнсіз. Мұның өзі Астананың және бүкіл Қазақстанның жаһандық орнықты дамуға қосатын өлшеусіз үлесі болып табылмақ», - дейді Мемлекет басшысы.