ЭКСПО-ға шыны құтыдағы тамақ пен сусындармен кіруге тыйым салынады - қауіпсіздік қызметі

"Мүгедек адамдар, жүкті және баласы бар әйелдер үшін арнайы кіреберістер болады. Біз ол жағынан да ыңғайлы жағдайлар жасайтын боламыз. Ұзын-сонар кезектер болмайды деп ойлаймыз. Себебі біз әлемдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, соның негізінде тиісті шараларды қолға алып отырмыз. Оған сәйкес, бір адамды өткізуге 20-40 секунд кетуі тиіс. Әрине, демалыс пен мейрам күндері кезектер болуы әбден мүмкін. Дегенмен, жұмыс күндері ондай қиындықтар болмайды. Жалпы, көрме аумағында шамамен 20 мың сан алуан дабыл қағу датчиктері мен 2 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылады", - дейді Чакенов.
Оның айтуынша, бүгінде көрме аумағына әкелуге тыйым салынған заттардың толық тізімі билеттерді сату сайтында көрсетілген. "Енді, алдымен қару-жарақ, сан алуан зиянды, xимиялық және радиоактивті заттарды әкелуге тыйым салынған. Ал балаларға арналған тамақ өнімдерін әкелу жағынан шектеулер болмайды. Алайда шыны құтымен ондай өнімдерді кіргізуге болмайды. Сондықтан пластикалық ыдыстарды қолдануға кеңес беремін", - деп атап көрсетті қауіпсіздік департаментінің басшысы. Осы орайда ол гаджеттер, темекі мен оттықты әкелуге тыйым салынбайтынын жеткізді.
Айта кетейік , бүгін ЭКСПО xалықаралық көрмесі аумағында Есіл аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөлімшесі өз жұмысын бастады. Екіқабатты ғимаратта жер асты спорты залы мен тир бар.