ЭКСПО-ның экономикалық тиімділігі барлық өңірлерге сезілетін болады - Р.Асанбаева

Оның айтуынша, ЭКСПО халықаралық көрмесінен болатын экономикалық тиімділік ең алдымен туристік ағынды арттыруға негізделеді.
«Бас қаламыздан бөлек, туристер Астанаға жақын қалаларға - Қарағандыға, Көкшетау, Павлодар және әсіресе, Бурабайға сапарлайтын болады. Бұл ретте Астанадан басқа бағыттарға қарай туристік маршруттар қалыптастырылып жатыр. Яғни, елордаға келген туристер еліміздің басқа өңірлеріне де сапарлап қайтуы тиіс», - деді Роза Асанбаева.
Оның сөзіне қарағанда, сырттан келетін туристердің ағыны Астанадан бөлек, Бурабайда болады деп күтілуде. Осыған орай, Бурабайға баруды қолжетімді ету мақсатында Көкшетау қаласының əуежайы талаптарға сай қайта жаңғыртылмақ. Бұдан бөлек, ЭКСПО аясында қалыптастырылатын туристік бағдарларға бірінші кезекте Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы, Бурабай сынды ұлттық парктер енеді. Сонымен қатар «Ұлы Жібек жолы» бойымен жүре отырып Алматы облысындағы туристік қорлары, Үстірт жəне Байқоңыр сынды белгілі айтулы нысандарға турлар ұйымдастырылатын болады.