Экспорттық әлеуетті сақтап тұру үшін қазақстандық астық пен оның өнімдерінің сапасы ерекше назар аударуды қажет етеді - А. Евниев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі қолданыстағы нарықтарда қазақстандық позицияны сақтап тұру, сондай-ақ Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері нарығына ену мүмкіндігі тек жоғары сапалы өнім арқылы ғана жүзеге асатыны аян. Деректерге сүйенсек, сұранысқа ие жоғары сапалы азық-түлік бидайының үлесі 2009 жылы әлемдік нарық бойынша 84 пайызды құраған. Сондықтан да, ендігі кезекте жоғары сапалы бидай өндіру бәсекесіне кірісу қажет. Бұл ретте әлеуетті инвесторлар үшін айтарымыз Қазақстанда күшті және қатты сұрыпты бидай өндіруге үлкен әлеует баршылық. Мәселен, 1975-80 жылдары Қазақстанда 5 млн. тоннаға жуық қатты сұрыпты бидай сатып алынған болса, былтырғы 2009 жылы елімізде бар-жоғы 1,2 млн. тонна ғана қатты бидай өндірілген», деді вице-министр.
Оның айтуынша, елімізде жоғары сапалы бидайды өндіру көлемін арттыру үшін жаңа агротехнологияларды енгізумен қатар, инвестиция салу да қажет етіледі. Бұл ретте қолданыстағы элеваторларды жаңғыртып, жаңа қосымша элеваторлар құрылысын жүргізген де орынды болмақ. Сондықтан да, «ҚазАгро» холдингі ағымдағы жылдан бастап жаңа элеваторлық қуаттардың құрылысын бастайтын болады.