ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның арнайы өкілдері Қырғызстанда болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының Қырғызстан бойынша Арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі П.Морельмен және БҰҰ Бас хатшысыныңАрнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін дипломатиялық істер жөніндегі аймақтық орталығының жетекшісі М.Енчеймен Қырғыз Республикасына бірлескен іссапары болды. Бұл сапар парламенттік сайлау қарсыңында Қырғызстанның ішкі саяси жағдайымен танысу мақсатында жүзеге асып отыр.
Бішкекте өтпелі кезеңдегі билік басшыларымен, саяси партиялардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының жетекшілерімен бірнеше кеңесулер өткізілді. Онда тараптар Қырғыз Республикасына қолдау жасаудағы халықаралық қоғамдастықтың келешектегі үйлестіру шараларына қатысты мәселелерді талқыға салды.
Өтпелі кезеңдегі Қырғызстан Президенті Р.Отынбаева өз еліндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі халықаралық қоғамдастықтың күш салғанына ризашылығын жеткізді. Әсіресе, өз елінде заңдар мен экономиканың қалыпты жағдайға келуіне нақты шаралар арқылы қолдау көрсеткені үшін ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы - Қазақстанға алғысын білдірді.
Уақытша Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мұралиевпен болған кездесуде оңтүстік өңірді қалыпқа келтіру, елдің экономикасын дамыту, күзгі және қысқы кезеңге дайындық жөніндегі мәселелер талқыланды.
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сариев сайлауға дайындық барысымен таныстырып өтті. 10 қыркүйек күні Қырғызстанда сайлауалды науқан басталып кетті. Елде шамамен алғанда 2 млн 700 мыңдай сайлаушы бар. Осы сайлауға 29 партия қатысып отыр. Парламенттік сайлаудың дайындығы мен өтуін бақылау үшін ЕҚЫҰ-ның ДЖАҚБ (Демократия институттары және адам құқықтары жөніндегі бюро), ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы, ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері келетіні жоспарлануда.
Жүздесу барысында Ресей Федерациясы Президентінің Қырғызстанмен байланысты дамыту жөніндегі арнайы өкілі В.Рушайломен Қырғызстандағы сайлауалды жағдай туралы, елдегі экономиканың жай-күйі және саяси үдерістің даму келешегі жайлы пікір алмасылды.
Жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тек алдағы сайлау ғана емес, гуманитарлық көмекті бөлу мәселесі де толғандыруда. Елде сыбайлас жемқорлықтың бар екені және оңтүстік өңірде салынатын құрылыстарға тендерлер жүргізілгенде ашықтығы күмән тудыратыны аталып өтті. Ішкі істер министрлігі, прокуратура мен соттар қызметкерлерінің атына сын айтылды.
ҚР ОСК-ның тіркеуінен өткен және сайлауға жіберілген Қырғызстанның саяси партияларының өкілдерін сайлаудың насихаттау науқаны басталысымен-ақ әкімшілік ресурсты пайдалану және сайлаудың нәтижесін бұрмалау секілді мәселелер алаңдатып отыр. Олардың пікірінше, бұл - жағдайды ушықтыра түсуге және әр түрлі деңгейдегі қарсылықтарға алып келетін фактордың бірі.
Іссапардың қорытындысында ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның арнайы өкілдері бірлескен мәлімдеме жасады. Онда алдағы уақытта халықаралық қоғамдастықтың өтпелі кезеңде елдегі жағдайды қалыпты ұстау жөнінде Қырғыз Республикасының өкіметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.