ЕҚЫҰ-дағы беделі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін арттырып, экономикасының даму жағдайын жақсартуда - Мәжіліс депутаты С.Темірболатов
Қазан айының аяғында Санкт-Петерборда Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған «ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар» деген тақырыпта Халықаралық парламенттік конференция өтеді.
Желтоқсан айына жоспарланған Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің қарсаңында өткізілетін ол конференция Достастық елдерінің ұлттық парламенттері өкілдерінің, танымал саясаткерлер мен сарапшылардың қатысуымен өтеді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Темірболатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында, ЕҚЫҰ сияқты осындай беделді халықаралық ұйымға төрағалықтың Қазақстан үшін маңызы туралы әңгімелеп берді.
- Серік Ғабдоллаұлы, ЕҚЫҰ төрағалығының қай басымдықтарын сіз ең маңызды деп санайсыз?
- Ең алдымен, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты беделді халықаралық құрылымға төрағалығы Қазақстанның беделін білдіреді, оған халықаралық деңгейде көрсетіліп отырған сенімді қуаттайды.
Беделді мемлекет, халықаралық ұйымның төрағасы болмаса да, инвестициялық мүмкіндіктерге, ел экономикасының дамуына сеп болатын жайлы жағдайларға ие болады. Ал бұл өз кезегінде, ең алдымен Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсерін тигізеді. Барлық саяси қыр-сырын айтпағанның өзінде, қарапайым адамға түсініктірек болатын осындай мысал - ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың негізгі басымдығы.
ЕҚЫҰ-ның 35 жылдық тарихы бар. Осы аралықта Ұйым тек еуропалық құрлықтағы қауіпсіздікті емес, бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің нақты тетігіне айналды, себебі ЕҚЫҰ-ға, Еуропа елдерімен қатар, орталықазиялық және солтүстікамерикалық елдер де кіреді. Және көптеген саясаткерлер мен сарапшылардың мойындауынша аймақ көшбасшысы атанып отырған орталықазиялық мемлекет аталған кезеңде алғаш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр.
-Қазақстанның төрағалығы Ұйымға не беріп отыр?
- Ұйымға мүше 56 елдің басым өкілдері біздің елімізді төрағалыққа сайлай келе, бұл төрағалық ЕҚЫҰ-ның жұмысына жаңаша ағым әкеледі, оның қызметіне жаңа серпін береді, оның ішінде аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне, ұзақ жылдар бойы түйіні шешілмей отырған жанжалдарды шешуге серпін береді деген пайымдауларын білдірді. Айта кету керек, Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағалығына сайлау мәселесін шешу кезінде заң әділдігі мен адам құқығының жетекші роліне деген біздің еліміздің ұстанымы ескерілді. Біздің бұл бағытта көп нәрсеге қол жеткізіп отырғанымыз анық.
Төрағалық мерзімнің көп өтіп, азы қалды және жоғарыда айтылған пайымдаулардың біразы өзін-өзі ақтады. Алдағы желтоқсан айының 1-2-сінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде Қазақстан Ұйымның негізгі міндеттері мен өзі ұсынған бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы жұмыстарының қорытындысын шығарады.
-Қазақстандық төрағалықтың қай міндеттемелерін Сіз ең маңызды деп санайсыз?
- Заңгер ретінде, мен үшін, ЕҚЫҰ міндеттемелерінің үшінші көрсеткіші - ең алдымен, заң әділеттігімен және адам құқықтарымен байланысты адами өлшемдері маңыздырақ. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына байланысты, заң әділдігі мен адам құқықтары проблемаларын өркениетті жолмен шешуге жаңаша серпін беріліп отыр.
Аталған мәселелердің батыстағы серіктеріміз қалағандай жедел шешіле қоймауы жекелеген халықаралық ұйымдар мен саяси қайраткерлерге Қазақстанның атына сын айтуларына сылтау болып отыр. Біздегі реформаларды сынаушылар, Қазақстанның дамуын негізінен батыс елдерімен салыстыра отырып, олардың қазіргі жетістікке бірнеше ондаған, тіпті жүздеген жылдардан кейін қол жеткізгендерін ескергілері келмейді. Және олар осындай толымды табыстарды тәуелсіздік алғанына енді 20 жыл болатын Қазақстаннан талап етіп отыр, Сондықтан да, Қазақстанның құқықтық жүйесіне қатысты айтылып жүрген сындарға негіз жоқ дегім келеді.
- Санкт-Петерборда өтетін Халықаралық парламенттік конференциядан не күтесіз?
- Қазанның 28-інде Санкт-Петерборда өтетін Халықаралық парламенттік конференция ЕҚЫҰ мен ТМД-ның жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларына, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналады. Менің ойымша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан үйренері көп, әсіресе, заң әділеттігі мен адам құқықтары мәселелерінде. Және осы мүмкіндікті міндетті түрде Қазақстан халқының игілігі үшін барынша пайдалану керек.
-Сұхбатыңызға рахмет!