19:21, 02 Наурыз 2010 | GMT +5
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жаңа саммитін Астанада ұйымдастырудың мезгілі жетті - Румыния Президенті Троян Басеску
sp;АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің келесі жаңа саммитін Астанада ұйымдастырудың мезгілі жетті. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Румыния Президенті Троян Басеску мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Румыния Президенті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін құттықтай келіп, «Бізде ЕҚЫҰ-на төрағалық етуде тәжірибеміз бар. Біз бұл төрағалықты 2001 жылы атқарған едік. Осыған орай біздің тәжірибеміз бойынша төрағалықтың соңында Румыния халықаралық аренада әлдеқайда таныла білді. Атап айтқанда, Қазақстанға да осыны тілеймін», деп атап өтті ол.
«Біздің ойымызша, ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердің соңғы саммитінен кейін 11 жыл өткен соң Астанада келесі жаңа саммитті ұйымдастыруға мезгіл жеткен секілді», деді Румыния Президенті.
Сонымен бірге Т. Басеску бүгінгі Ақордадағы кездесу 2007 жылы Бухаресте қол жеткізілген келісімдерді нығайтуға ықпал еткеніне алғысын білдірді.