ЕҚЫҰ - ға төрағалық ету еліміздің құқықтық жағынан дамуына да ықпал етеді - ҚР Бас прокуроры Қ. Мәми
Бұл біздің мемлекетіміз үшін үлкен жетістік. Қазақстан бұрынғы посткеңестік мемлекеттердің ішінде алғашқы болып осындай саяси жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің 18-ші мәжілісінде ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас прокурордың сөзіне қарағанда, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жалпыға бірдей мәселелерді шешумен айналысуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, еліміздің құқықтық жағынан дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ Қ. Мәми өзінің Мемлекет басшысының шешімімен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы комиссия құрамына енгізілгенін атап өтіп, «Мен Бас прокурорлардың бүгінгі бас қосуында көтерілген мәселелерді ЕҚЫҰ сияқты халықаралық деңгейдегі ұйым аясында да көтеруге дайынмын», деп атап көрсетті.