ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан адами өлшемдер аясында бірқатар дәстүрлі іс-шараларды өткізуді жоспарлайды
Бүгін ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі жөніндегі Консультативтік кеңестің отырысы барысында Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СІМ өкілінің айтуынша, ЕҚЫҰ-ның төрағалығы барысында Қазақстан өзінің гуманитарлық өлшемдері бойынша үш негізгі басым бағыттарды айқындап отыр. Бұлар, біріншіден - толеранттық және кемсітпеушілік, екіншіден - гендерлік теңдік, үшіншіден - адам саудасымен күрес бағыттарын қамтиды.
«Бұл бағыттарды таңдау барысында Қазақстан өзінде жинақталған оң тәжірибелерге сүйенгенін, сондай-ақ барлық ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделері мен қызығушылығы ескерілгенін атап өту қажет. Шындығында, Ұйым осы мақсаттағы жұмыстар бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен бірге, өзінің басымдықтарына сәйкес, ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан бірқатар дәстүрлі іс-шараларды өткізеді. Бұның арасында адами өлшемдер негізіндегі үш қосымша кеңестің отырысы, гуманитарлық өлшемдердің семинар жұмыстары да қамтылатын болады», деді С. Әбдікәрімов.