Ел аумағындағы радиоактивті қалдықтар қай өңірде көмілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин ел аумағында радиоактивті қалдықтарды көму нысанын анықтауға қатысты пікір айтты.
- Бүгін Мәжілісте депутаттар таныстарған заң жобасы аясында Қазақстан аумағында қалдықтар көмілетін пункт құру қарастырылған. Сонымен қатар, құжатта жалғыз оператордың қызметі айқындалады. Ұлттық оператор тасымалдауды, өңдеуді, залалсыздандыруды, көму нысандарын жобалау мен салуды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелерін реттейді, - деді Ғ. Серғазин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол қалдықтарды көму пункті қай жерде орналасуы мүмкін екенін айтты.
- Мұның барлығы жұмыс тобының аясында қарастырылады. Осы көму пункті Семей полигоны аумағында орналасқаны жөн болар еді. Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жыл бұрын ядролық қауіпсіздік аймағын құру туралы заң қабылданған. Дәл осы заң аясында тиісті функция мен құзырет қажет болды. Ұлттық ядролық орталық осы ядролық қауіпсіздік аймағын басқару жөніндегі уәкілетті ұйым ретінде белгіленді. Атап айтқанда, 18 000 шаршы шақырымның жартысы, яғни 8 300 шаршы шақырымы ластанған аймақ саналады. Осы ластанған аймақта көму пунктін орналастыруға болар еді, - деді агенттік төрағасының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар таныстырылды.
Заң жобасының мақсаты – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық жүйесін құру, халықты және қоршаған ортаны радиациялық әсерден қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз сақтау мен көму тәртібін белгілеу.
Радиоактивті қалдықтарға қатысты барлық мәселелерді реттейтін Ұлттық оператор құрылады.
Ол көму пункттерін жобалау, салу, пайдалану және қызмет көрсету жұмыстарына жауапты болады.