11:43, 31 Тамыз 2010 | GMT +5
Ел аумағында заңсыз жұмыс жасап, көші-қон полициясы қызметкеріне пара ұсынған азамат сотталды
ОРАЛ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) Шәміл Бубузовқа қатысты қылмыстық істің аяғына дейін жеткізді.
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат Қазақстан Республикасы аумағына жеке сапармен келіп, көші-қон парағында көрсетілген мақсатқа кереғар Орал қаласындағы «Алтын дала» кафесінде аспаз болып жұмыс жасаған. Содан кейін әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында БҚО ішкі істер департаменті көші-қон полициясының қызметкеріне 50 мың теңге пара ұсынған. Ақыры ол 5 мың теңге көлемінде параның бір бөлігін беру кезінде департаменттің қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен ұсталды.
Орал қалалық сотының үкімімен Ш.Бубузов ҚР ҚК 312-бабы 2-бөлімі (пара беру) бойынша кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталды.