Ел бірлігі - біздің барлық жетістіктеріміздің кілті - Т.Нығметов, БҚО дін істері басқармасының басшысы

-«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында аталып көрсетілгеніндей, халықтың бірлігі - біздің барлық жетістіктеріміздің кілті, деді басқарма басшысы. Бейбітшілік пен тұрақтылық - күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік.
Қазақстан Республикасы Президентінің саяси ерік-жігерінің арқасында біздің мемлекетте бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Біздің болашақ ұрпаққа беретін ең басты байлығымыз - халықтың бірлігі.
Қазіргі уақытта дін саласындағы мемлекеттік саясат Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясында, сондай-ақ «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған.
Мемлекетіміздің тұрақтылығының негізгі діңгегі тағаттылық пен ауызбіршілік екені сөзсіз. Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, конфессияаралық және этносаралық тұрақтылық пен келісімді өзара ұштастырып, қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында. Сондықтан Қазақстанның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтап, байтақ жерімізді мекен еткен түрлі ұлттардың ауызбіршілігін нығайта түсу қажет.
Бұл бағытта Қазақстан Президенті жыл сайын Елордамызда әлемдегі діни бірлестіктер өкілдерінің басын қосып, барлық мәселелерді ортаға салып, көпке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Әлемдік діндер съезінің жыл өткен сайын маңыздылығы артып, діни тағаттылықтың дүниежүзілік әдістемесін көрсетіп бергендей.
-Талғат Рақымұлы, енді облыстағы діни ахуалға толығырақ тоқталсаңыз?
-Иә, Елбасымыздың сара жолы негізінде өңірімізде де бірқатар шаралар атқарылып келеді. Облыс аумағында конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, діни бірлестіктермен өзара әрекет жасау және азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын, әртүрлі діни сенімдегі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бағытында басқарманың кешенді жоспары негізінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың көрінісі ретінде облыс әкімдігі жанынан құрылған облыстық дін бірлестіктерінің клубын айтуымызға болады. Аталмыш клубқа өңіріміздегі барлық діни бірлестіктердің басшылары қатысып отыр. Діни бірлестіктердің тәжірибелі өкілдері басқармамен бірге діни радикализмге қарсы ақпараттық жұмысты бірлесе атқаруда. Бұл тегіне, тіліне, дініне қарамастан, Отанға төнген радикалдық идеологияға қарсы барлық діни бірлестіктерді жұмылдыра білудің нәтижесі деп білеміз.
Жалпы, ақпарат-насихат топтарының қызметі конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мен оны іске асыруға, қоғам назарын дін саласындағы өзекті мәселелерге аударуға және ел тұрғындарын діни кеңістікте және мемлекеттік-конфессиялық қатынас саласында орын алып отырған мәселелерді шешуге жұмылдыруға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға септігін тигізетіні анық. Айта кетсек, қазіргі таңда облысымызда діни мәселелер бойынша құрылған 1 облыстық мобильді, 12 аудандық, 13 қалалық (басқармалар, кәсіпорындар жанынан) деңгейдегі ақпараттық-насихаттық топтар қызмет етуде. Олардың құрамына облысымыздағы білікті теологтар, ғалым-дінтанушылар, дінбасы өкілдері, ауыл ақсақалдары, ардагерлер алқасының төрағалары, жастар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, ұлттық-мәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік орган қызметкерлері кірді. Бүгінде облыстық, аудандық, қалалық ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарын жандандыру, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар өзінің оңды нәтижесін беруде. 2015 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста діни экстремизм мен терроризмді алдын алуға және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған Батыс Қазақстан облысы бойынша құрылған ақпараттық-насихат топтары арқылы түрлі форматта 33 464 адамды қамтыған 629 шара өткізілді.
Сонымен қатар биылғы 31 мамырда дін істері басқармасының тапсырысымен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Жәннат» драмасы қойылды. Жалған діни ағымның жетегінде кеткен жас жігіттің қилы тағдыры туралы баяндайтын спектакльдің негізгі мақсаты қалың жұртшылыққа, әсіресе, жастарға теріс діни ағымдардың деструктивті әсері жөнінде ой салып, адамгершілік-рухани тәрбиені нығайту болып табылады. Бұл драма облыс аудандарында да қойылуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес 9 конфессияны құрайтын 74 діни бірлестік қызмет етеді. Атап айтқанда, ислам дінінің суннит бағытындағы 43 мешіт (ҚМДБ-ның филиалдары), православиелік бағыттағы 18 діни бірлестік (екеуі -республикалық дәрежедегі діни бірлестік, 14-і - жергілікті православие шіркеуі, біреуі - ежелгі православие шіркеуі, тағы біреуі - көне әдет ғұрып шіркеуі), 11 протестанттық («Інжіл христиан баптистерінің одағы» ҚБ-нің 3 филиалы), 1 буддизм (тибеттік-буддистік орталық), 1 католик (Атырау рим-католик апостолдық әкімшілігінің филиалы) діни бірлестігі бар.
Облыстағы діни ахуал бірқалыпты. Өңірде ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы Елбасымыздың сарабдалы саясаты негізінде дінаралық татулықты орнықтыру, діндер арасында сыйластықты нығайту, экстремистік көзқарастағы кейбір ағымдарға қарсы тұру міндетінен туындап отыр. Бұл іс-шаралардың барлығы облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның бақылауымен жүзеге асып келеді.
Өңірде теріс идеологияның жетегінде жүрген азаматтарды оңалту мен жапа шеккендерге көмек жұмыстары атқарылуда. Атап айтатын болсақ, 2015 жылы басқарма тарапынан теріс ағымдардың 234 мүшесімен кең ауқымды сұхбаттар жүргізіліп, соның нәтижесінде 34 азамат дәстүрлі бағытқа қайта бет бұрды. Діни ағымдардан жапа шеккен 22 адамға діни-психологиялық көмек берілді. Сонымен қатар жалған ағым мүшелеріне 2014-2015 жылы 9 мыңнан астам діни кітаптар үлестіріліп берілді. Теологтардың қатысуымен адасып жүрген азаматтармен мұндай түсінік жұмыстары жалғасуда.
- Өңірде тұрғындардың, әсіресе, жастардың жат ағымдарға ілесіп кетпеуі бағытында не істелуде?
-Бұл жерде жастармен жұмысты бірнеше бағытқа бөліп қарастырған жөн. Бірінші бағыт - мектеп оқушылары. Осы орайда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облыстық педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтымен ортақ меморандум жасалып, дінтанудан сабақ беретін мұғалімдер жыл сайын бірнеше қайтара оқытылуда. Бұл курстан өткен ұстаздар мектеп оқушыларына жыл сайын кезе-кезеңмен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мектеп оқушыларына қатысты жыл сайын конкурстар, акциялар, флеш-мобтар, пікірсайыстар ұйымдастырылып, теріс ағымның белгілері туралы ақпараттар беріліп, бейнематериалдар түсіріліп, ұсынылуда. Бұл жұмыстар әр мектептегі дінтанудан сабақ беретін ұстаздар арқылы атқарылуда.
Екінші бағыт - оқу орындары студенттерімен жұмыс. Бұл жастар қазіргі қоғамдағы маңызды буын болғандықтан, олармен жұмыс біршама жоғары деңгейде, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Олардың арасынан теріс діни идеологияның жетегіне ергендерді де байқауға болады. Бұл ретте басқарманың теолог мамандары тарапынан аталмыш діндар студенттер бақылауға алынып, діни дұрыс бағыт берілуде. Сонымен қатар 2014-2015 жылы 16 бейнеролик пен деректі фильмдер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы ұсынылуда. Қысқа мерзімді бейнероликтерді жастар назарына беру бұдан былай да жалғаспақ.
Тағы бір бағыт - бақылаусыз орындардағы, теріс ағым жолындағы жастармен жұмыс. Бұл бағытта басқарманың дін мәселелерін зерттеу орталығы 2015 жылы 700-ге жуық діндар жастармен байланыс жасап, олармен әртүрлі бейресми орындарда кездесулер ұйымдастырды. Жоғарыда айтылғанындай, нақты 238 жаспен мақсатты оңалту жұмысы жүргізіліп, бірқатары дәстүрлі бағытқа қайтарылды.
Келесі бағыт - жұмыссыз жастар. Бұл ретте мешіт жамағатындағы, мешітке тұрақсыз баратын жастар, жалпы жұмыссыз жастарды жұмысқа тұрғызу ісі нақты қолға алынды. Бұл, бір жағынан, олардың әлеуметтік жағдайын оңтайлы шешуді көздесе, екіншіден, теріс ағымға түсудің алдын алу болып табылады.
Қорыта айтқанда, ел бірлігін нығайта түсу мақсатында дін саласындағы жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла бермек.