Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында кәсіптік білім беруге үлкен маңыз бергені бізді қуантып отыр-Айжарық Серімбетов

АНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгінгі таңда техникалық-кәсіптік білім беруге баса мән беріліп отыр. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Өмір бойы білім алу» әрбір қа­зақ­стандықтың жеке кредосына айналуы тиіс екенін айта келіп: «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз»,- деді.
None
None

Осы орайда «№4 Хромтау кәсіптік лицейі» мемлекеттік мекемесі жаңа заман талабына сәйкес мамандарды тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлуде. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Хромтауаудандық мәслихаттың депутаты, кәсіптік лицейі директорының өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Айжарық Серімбетов оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ойларымен бөлісті. Ол Астанаға арнайы іссапармен келген болатын.

- Айжарық Жайылханұлы, өзіңіз еңбек ететін оқу орны қандай мамандыққа тәрбиелейді?

- Біздің лицей негізінен Хромтау Дөң тау-кен байыту комбинатына мамандар даярлайды. Өндіріс орнының тапсырысы бойынша шәкірттер ұңғымашы, тау қондырғыларын жөндеу жөніндегі электрослесарі, электр дәнекерлеуші, кен байытушы мамандықтарын алып шығады. Сонымен қатар қоғамдық қызмет түрлері бойынша мамандар даярлайды. Айталық, тігінші, аспазшы, ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті шебер және басқа мамандар тәлім алады.

- Елбасы кәсіптік мамандар даярлауға баса мән беріп отыр. Дәл бүгінгі таңда қажетті мамандарды даярлауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында кәсіптік білім беруге үлкен маңыз бергені бізді қуантып отыр. Бізде бюджет есебінен 9 сынып бітірген оқушылар 2 жыл 10 ай, 11 сынып бітіргендер 1 жыл 10 ай оқиды. Негізінен 9 бітіргендерді даярлаймыз.

Ал жұмыссыз азаматтарды аудандық орталық жұмыспен қамту бөлімінің сұранысы бойынша дайындаймыз. 2009-2010 жылдары «Жол картасы» бағдарламасы бойынша көп мамандар білім алып шықты. Атап айтқанда, электрогаз дәнекерлеушісі, электромонтер, аспазшы, сылақшы, бояушы мамандықтарына даярладық. Бізден біліктілігін жетілдіргені жөнінде құжат алып шығады. Әрі қарай жұмыспен қамту бөлімі олардың еңбекке араласуына жәрдемдеседі. Бұл бастама өз нәтижесін берді. Қай жерде мамандар жетіспесе, сол салалар түгел қамтылды.

Ақтөбе облысы бойынша 16 кәсіптік лицей, 34 колледж бар. Біздің оқу орнымыз білім беруде облыстағы кәсіптік лицейлер арасында алғашқы орындарды иеленіп келеді. Бізге тек өзіміздің аудан ғана емес, өзге өңірлерден де келіп оқиды. Бұрын жатақхана болған жоқ еді. Өткен жылы бір ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жатақханаға айналдырдық. Онда ауылдардан келген шәкірттер тұрады. Жыл сайын 150 оқушы бітіретін болса, соның 20-ға жуығы қызыл дипломның иегері атанады.

- Шәкірттердің тәжірибеден өтуі қалай ұйымдастырылған? Өйткені тоқырау жылдары кәсіптік білім беретін кейбір оқу орындарының тәжірибеден өтетін алаңдары жойылып кетіп еді ғой.

- Біздің лицей 1979 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Барлық өндірістік шеберханалары сақталған. Және ғимараттар жөндеуден өткізіліп тұрады. Қажетті құрал-жабдықтар алынады. Соның барлығы біздің серіктесіміз Дөң кен байыту комбинатының арқасы. Тәжірибеден өту бізде ешқандай қиын мәселе тудырмайды. Барлық білім алушылар аталған комбинаттың цехтарында тәжірибеден өтеді. Мол тәжірибе алып шығуына толық мүмкіндік жасалған. Өздері де тәжірибеден өтіп жүрген жастардың ішінен таңдап, бізге сұраныс беріп, жұмысқа шақырады. Және де басқа жақтан адамдар алмай, жазда біздің шәкірттеріміздің бітіруін күтіп отырады. Міне, осындай жақсы қалыптасқан дәстүр бар.

№4 Хромтау кәсіптік лицейінің директоры, педагогика ғылымының кандидаты Молдашева Бағдашжан Қадыржанқызы мен «ҚазХром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-ның бас директоры Виктор Тиль, аталған компнаияның филиалы - Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Николай Логинов білім ордасы мен аталған өндіріс орны арасындағы тығыз байланыстың бас дәнекерлері болып отыр.

Дөң комбинатының үздік оқушыларға арнайы дайындаған стипендиясы бар. Оқытушыларға үстеме ақы төлейді.

Бізде Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің филиалы бар. Лицейдің және колледж филиалының студенттеріне Магнитогорскідегі мемлекеттік техникалық университетінің ұстаздары, Алматыдағы ҚазҰТУ-нің профессорлары келіп дәріс береді. Оның бәрі жастардың жақсы білім алып, ертеңгі күні тау-кен комбинатына барғанда, жақсы маман болуына негіз қалайды.

Қазір лицейде 369 оқушы оқып жатса, соның 216-сы асханадан тамақ ішеді. Оған бюджеттен қаржы қарастырылған. Оның ішінде негізінен жетім балалар мен жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар қамтылған.

- Жастарды қоғамдық істерге тарту, рухани-мәдени іс-шараларға қатыстыру жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Лицейде жастарды патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында көптеген мәдени-рухани шаралар өтіп тұрады. Қазақша КВН-ға қатысып, облыстық, республикалық жарыстарда жүлде алып жүр. Әдеби кештер өтеді. Мемлекеттік тілге арналған байқаулар өтеді. Лицейде білім беру мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі. Оқу орнында 17 оқу кабинеті, 8 шеберхана бар. Бір мультимедиялық және бір компьютерлік сынып бар. 7-8 кабинетте интерактивті тақта орнатылған.

Сонымен қатар спорттық жетістіктеріміз де бар. Көптеген студенттеріміз облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жеңімпаз атанып жүр. Жастардың жаңа заманда жақсы білім алып, білікті маман болып шығуына барлық жағдай жасалған.

Біздің болашағымыз жастар, тәрбиелі ұрпақ - ертеңгі елдің жетістігі. Түлектеріміз оқу орнына келіп тұрады. Жақсы лауазымды қызметте жүргендері де бар. Біз оқу орнын бітірген түлектерімізбен мақтанамыз.

- Өзіңіз аудандық мәслихат депутаты ретінде мәжілістерде қандай мәселелерді көтересіздер?

- Аудандық мәслихатта ауыз-су мәселесі күн тәртібінде тұрады. Көптеген мәселелер шешімін тапты. Көп ауылдарға су берілді. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша ауданымызда екі жаңа ауыл салынып жатыр. Бірі - Көктау селосында, екіншісі Дөң селолық округінде. Бұл оралмандарға барлық жағдай жасалу үшін қолға алынған маңызды жоба. Оларды жұмыс орнымен қамту, жаңа мамандыққа баулу мәселелері қарастырылуда. Үлкен қалалар мен облыстарда қандай мәселелер болса, соның барлығы біздің ауданда да бар. Мәслихат сол мәселелердің оң шешімін табуына атсалысып отыр. Халықтың өтінішіне назар аударамыз.

- Хромтау ауданы кен өндіретін өңір. Ол жердің экологиялық жағдайы қалай?

- Біздің өңірдің экологиялық жағдайы қалыпты деп ойлаймын. Ауамыз да, суымыз да таза. Дөң комбинаты 2009 жылы «Алтын сапа» иегері болды. Экологиялық тазалықты сақтау жағына да көп көңіл бөлінеді.

Сессияларымыз тұрақты өтіп тұрады. Аудандық бюджет жоспарын бекітеміз. Аудан әкімі есеп береді. Әр түрлі сала басшыларының есебін тыңдаймыз. Хромтау ауданы бойынша 43 мың тұрғын болса, оның 22 мыңы қаланың өзінде тұрады. Хромтау қаласының жылу жүйесі Дөң кен байыту комбинатының жылу станциясы арқылы жылытылады. Қатты аязды қыстарда үйлердің қатып қалып, жылу жүйелерінің істен шыққан төтенше оқиғалары болған жоқ. Комбинат қала тұрғындары үшін дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салып берді.

- Рақмет әңгімеңізге. Игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар