Елбасы: 1 қаңтардан біз ынтымақты зейнетақыны инфляциядан алдын ала 2 пайызға индексациялайтын боламыз
«Көптеген жылдар бойы қарқынды динамикалық өсім бізге белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге септігін тигізді. Азаматтарымыздың өмір сапасын бірнеше есеге арттыра алдық. Экономикамыз бастан кешіп отырған қиындықтарға, жаһандық құбылыстарға қарамастан біз халқымыздың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға жұмсалған шығыстар үш есеге артты», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы мемлекеттік басқаруларда жұмыс істейтін 1,2 млн. адамнан асатынан атап өтті. Ал мемлекет қамтамасыз етіп отырған әлеуметтік төлемдерді алушылар саны 1,5 млн адамнан асқан.
«Экономикалық тәуекелдерге қарамастан біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 28 пайызға, білім беру -29, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 40 пайызға артатынын жариялаймын. Бұл ретте бюджеттік сала қызметкерлерінің санаты бойынша жалақысына сараланған төлемді енгізу ақылға қонымды. Келесі жылы әлеуметтік жәрдемақыларды, мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақылар мен шәкіртақы мөлшерін 25 пайызға арттыру қамтамасыз етіледі. 2016 жылдың 1 қаңтарынан біз ынтымақты зейнетақыны инфляция деңгейінен алдын ала 2 пайызға индексациялайтын боламыз», - деді Н. Назарбаев.