Елбасы Алматы облысындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде болды

Елбасы оқыту және жаттығу корпустарын аралап көріп, қатысушылармен және олардың ата-аналарымен жүздесті.
«Біздің оқу орнымыз ҰҚК және ІІМ сынды мемлекеттік құрылымдар мен ведомстволарды жоғары сапалы даярлықтағы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында құрылды», - деп атап өтті «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, запастағы генерал-майор Сәбит Тауланов.
«Бірқатар оқу орындары көп дегенде 50 пайыз грант иелерін шығарып отырса, бізде бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Биылғы жылғы түлектеріміз арасында бір «Алтын белгі» иегері және үздік үлгідегі екі аттестат бар», - деп қосып өтті С.Тауланов.
Оның сөзіне қарағанда, лицей 2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қорының күшімен ашылды. Мамандандырылған мектепке балаларды іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі, бұл ретте басымдық халықтың аз қамтылған топтарынан шыққан жеткіншектерге беріледі. Қазіргі уақытта лицейде 240 қатысушы білім алуда, 80 адамнан - үш рота бар.