Елбасы «Арна Медиа» холдингінің құрамына кіретін БАҚ басшыларына бірқатар тапсырмалар берді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының қалай жұмыс істейтіні сіздерге белгілі. Газеттің кейінгі кездегі таралымы бірнеше есе өсіп, яғни 38 мыңнан 150 мыңға жетті. Бұл дегеніміз газеттің халыққа деген жақындығы ұлғайып келе жатқанын көрсетіп отыр. Осының өзі үлкен баға. Дегенмен де қазіргі бәсеке жағдайында газеттің сапасын және көркемдігін жақсарту керек деп санаймын. Оны өздеріңіз зерделеп, қарастырыңыздар», - деп тапсырды Елбасы «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына.
Осыған байланысты Президент бүгінде басылым бетінде көптеген жақсы мақалалар жарияланып жүргенін, зиялы қауымның ой-пікірлері айтылып жатқанын жоғары бағалады.
«Менің айтайын дегенім газетте, жалпы БАҚ-тарда бұл заманда халықты үйретуге көбірек көңіл бөлу керек. Себебі, заман деген өте тез өзгеріп келе жатқан дүние. Мына нарық экономикасының дүниежүзіндегі жаһандану саясатын елдің барлығы түсіне бермейді. Шығарылып жатқан заңның барлығын барша азаматтар біледі деп айтуға болмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Елбасы басылымдарда тек ресми материалдар ғана емес, сонымен бірге бизнес ашу, өмір сүру сапасын жақсарту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салты секілді халықтың қажетіне жарап отыратын материалдар басылуы керектігін қадап айтты.
Мұнымен қоса Мемлекет басшысы қазіргі заманға сай газеттер электрондық форматтарға көшіп, интернет желісі арқылы таралып отырғанын, яғни енді еліміз соған қарай бейімделуі керек екенін жеткізді.