Елбасы Астанада ашылған METRO Сash and Carry халықаралық көтерме сауда желісінің орталығында болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасына компания басшылары 6 мың 880 шаршы метр аумақты алып жатқан орталықтың сауда алаңын, 353 орынды машина қоятын аймақты көрсетіп, орталықтың әлеуеті, оның даму болашағы мен Астана экономикасына қосар зор үлесі туралы айтып берді. Орталықты аралап, оның жұмысымен танысқан Н. Назарбаев қысқа мерзім ішінде осы жобаны жүзеге асырғаны үшін компания басшылығына және құрылысшыларға алғысын білдірді.
Компания басшылығының сөзіне қарағанда, «Метро» келешекте Қазақстанның ірі қалаларында осындай 10-15 орталықты ашуды жоспарлап отыр. «Астанада орталықты аша отырып, біз Қазақстандағы клиенттерімізбен және әріптестерімізбен жемісті ынтымақты бастаймыз», дейді METRO Сash and Carry компаниясының Бас атқарушы директоры Франс Муллер.
Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш сауда орталығының құрылысы ағымдағы жылғы шілденің 15-де «Аламан» құрылыс компаниясының мердігерлігімен басталған. Құрылысқа құйылған инвестиция көлемі 3 млрд. теңгені құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Астанадағы «METRO» көтерме сауда орталығы жоғары сапалы өнімнің алуан түрін ұсынады. Оның 13 мыңы азық-түліктік және 12 мыңы азық-түліктік емес тауарлар. «METRO» көтерме сауда моделі «бизнес үшін бизнес» үлгісінде кәсіпқой сатып алушыларға: заңды тұлғаларға немесе жеке кәсіпкерлерге есептелініп жасалған. Бұл сауда орталығы таңғы сағат 7-ден түнгі 23-ке дейін жұмыс істейді.
METRO Сash and Carry әлемнің 31 елінде 659 көтерме сауда орталықтарын басқарады.