Елбасы: Астық шығымдылығын көтеру үшін бұдан ары қарай жұмыс істеуіміз керек

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астық шығымдылығын көтеру үшін бұдан ары қарай жұмыс істеуіміз керек. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Арна Медиа» холдингі құрамына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына сұхбат берген кезінде мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жыл бойынша аграрлық кешен 11 пайызға өсті. Астық шығымы жақсы болды. Қазіргі кезде сауда мәселесін шешудеміз. Атап айтқанда, ҚХР басшысымен осы елге және Қытай арқылы басқа елдерге 3 миллион тонна астық экспортына келістік. Мемлекет те  сатып алуда. Елді-мекендердегі азаматтардың біз осылайша жағдайын жасаудамыз»,- деді Мемлекет басшысы.

 Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне тоқталған Елбасы, «астық егістігінің жартысы  ылғал үнемдеу технологиясына көшті. Қазіргі кезде бұл шаралар нәтижелерін беруде. Алайда, бұл да әлі аз. Атап айтқанда, астық шығымдылығын көтеру үшін бұдан ары қарай жұмыс істеуіміз керек», деді.

 Естеріңізге сала кетейік,   биыл таза астық 20 миллион тонна көлемінде болды. Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті 9 миллион тоннаны құрамақ. Жалпы биылғы жылы бункерлік, яғни өңделмеген салмақта 22 миллион 800 мың тоннадан астам астық жиналған еді.

Елбасы сұхбат барысында Дағдарыстан кейінгі экономиканы дамыту, Жол картасы аясында атқарылып жатқан ел игілігі үшін істеліп жатқан шаруалар, үлескерлердің мүддесін қорғау, банк жүйесін көтермелеу, ел экономикасына Ұлттық қордан елеулі қаржы бөлінгені жайлы көптеген қадау-қадау мәселелерге тоқталды.  Алдағы жылдан бастап елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың алғашқы бесжылдық жоспары басталғалы отырғанын еске салды. "Дағдарыс тек шикізат көздеріне қарап қалмай, экономиканы әртараптандыру қажет екендігін ұқтырды", - деген пікір айтты Елбасы. "Біздің дағдарысқа қарсы дер кезінде қолға алған шараларымыз, елді тығырықтан алып шықты. Қазақстан халқы дағдарыс әсерін онша сезіне қойған жоқ", деді Президент.

Соңғы жаңалықтар