Елбасы білім беру саласы қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойды - Қуандық Мәдір

Ел экономикасы қарыштап дамып, әлемнің жер-жерінде көрініс тапқан қаржы дағдарысы да бізге аса сезілмеді. Дейтұрғанмен, әлі төрт құбыламыз сай деп айта алмаймыз. Өйткені қоғам дамуында пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктеріміз де, ілгерілеуімізді тежеп отырған кемшіліктеріміз де бар екендігін мойындауымыз керек. Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, «Өнер» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Мәдір мәлім етті.
-Елдегі етек алған енжарлық пен жатыпішер жалқаулық, масылшылдық түрлі бағдарламалардың тиісті дәрежесінде орындалуына кері әсерін тигізіп келеді, деді ол. Ең қарапайым мысал, ауылдағы кейбір шаруа қожалықтарының басшылары төрт түлігін бағатын жан таппай, малдарын етке өткізіп, шаруашылығын таратуда. Ауылдық біраз ағайын баланың жәрдемақысына күн көруде, ең шектен шыққандығы сол - кейбіреулері соны картаға салып, ішімдікке сылқия тоятынын қайтерсің. Орал қаласы жылдан-жылға өсіп келе жатыр, шаһар маңында жаңа шағын аудандар пайда болды. Жер телімін алып, жеке үй салушылар көбейген тұста құрылысты көтеретін жан таппай сандаласың. Сау болғыр, әйтеуір көпшілігін өзге мемлекеттен келген азаматтар тындырып жүр.
Елбасы бұл жағдайлардың бәрінен хабардар. Өйткені «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет», - деп атап көрсетті.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында, экономикалық-әлеуметтік дамуға серпін беретін тетіктерді толық іске қосудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысының түзелетінін, қол жеткен табыстарымыздың еселенетінін, яғни жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын және оның шешілер сара жолын айтудай-ақ айтып келеді. Жолдаудың заңды жалғасы іспетті Елбасының жақында жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласындағы халқымды қайтсем бақытты етемін, бақуатты тұрмысқа жеткіземін деген ой-тұжырымдары мен пайымдауларын оқып қатты разы болдым. Онда еліміздің дамуына қозғау салатын көптеген мәселелерді көтереді. Соның ішінде бiлiм беру мүмкіндігін көтеру қажеттiлiгiне, отандық бiлiм берудің тәжірибелік бағытын күшейтуге баса назар аударады, олардың шешілу бағытын жіліктеп таратады және ол үшін Үкімет алдына нақты талап пен тапсырма қояды.
Президент білім беру саласындағы кейбір түйткілдерді тізе келіп, бүгінгі таңдағы оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңыздылығына тоқталды. Сөйтіп, 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізу мен Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізіп, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шаралардың жүзеге асырылуын және орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасалуын ҚР Білім және ғылым министрлігіне шегелеп тапсырды. «Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған барлық ЖОО-ларды тексерістен өткізіп, қорытындысы бойынша олардың санын біріктіру немесе жекелеген мекемелерді тарату жолымен оңтайландыру керек», - деді.
Президенттің «Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады»,- деген сөзін аса бір жылылықпен қабылдадым.
Елбасы сондай-ақ мәдениет саласындағы кемшін тұстар мен олқылықтарға тоқтала келіп, «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс! Өңірлер арасында олардың экономикалық және мәдени жетістіктері туралы ақпараттар алмасу жеткіліксіз дәрежеде қалуда», - деп нақты көрсетті.
«Нұрсұлтан Әбішұлының сонымен қатар: «Қазіргі заманғы тиімді бұқаралық мәдени-ойын-сауық іс-шараларының негізі оларды ұйымдастыруға азаматтардың, ҮЕҰ-лардың өздерінің тікелей қатысулары болмақ. Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы арнайы заң қабылдау, оларды ұйымдастыру мен өткізу жөнінен жергілікті әкімдіктер үшін бірүлгілік ережелер қабылдау туралы мәселені қарастыру қажет», - деген сөзі өте орынды болды деп есептеймін. Бұл ой, үкіметтік емес ұйымның басшысы ретінде мені де көптен мазалап жүргендігін жасыра алмаймын.
Көкейіміздегі көп ойларды дөп басқан стратегиялық мақала өз жемісін алдағы күндерде береді деп есептеймін. Барлық бағыт бойынша жазылған ойларды толығымен қуаттаймын. Өзіме қатысты сала бойынша қойылған айшықты міндеттерді орындауға атсалысамын деп сендіргім келеді», деп түйіндеді ойын Қ.Мәдір.