Елбасы біркүндік жұмыс сапарымен Шымкентке келді
Елбасы өз сапарын Неке сарайының салтанатты ашылуына қатысудан бастады. Құрылысы 2009 жылдың жазында басталған және Шәмші Қалдаяқов атындағы тынымбақтың жанына салынған ақ күмбезді сарай қалыңдықтың сәукелесіне ұқсатып жасалған. Бүгін жаңа Неке сарайында бірнеше жас жұбай некеге отырды.
«Шымкентке осындай орын баяғыдан қажет еді. Егер той әдемі болса, ол жас жұбайлардың есінде өмір бойы сақталады, шаңырақ та берік болады. Ал біздің Азаматтық хал актілерін жазу қызметтеріміз өкінішке орай, бәрін шағын бір бөлмеге жинап алып, некені тез-тез қия салады»,- деді бүгін осы Неке сарайында некеге тұрған жас жұбайлардың туысы Алмагүл Алдиярова.
Рашкүл Оспанәлиева басқаратын «Береке-А» компаниясы Неке сарайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің аясында салып отыр. Осы нысанның құрылысын қолға алған кәсіпкер ханым: «Бизнес қаланың әлеуметтік саласын дамытуға көмектесуге бағытталып отыр. Шымкент мұқтаж болып отырған ғимараттарды ғана салу керек», - деді.
Жобаның сметалық құны - 241 миллион теңге шамасында.