Елбасы «болашақтықтардың» жұмысқа орналасу мәселесін ретке келтіруді тапсырды

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Үкіметте өткен кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына қатысты мәселелерге тоқтала келе, «Болашақ» бағдарламасын бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселесін ретке келтіру туралы тапсырма жүктеді.
None
None

«Ең алдымен біз «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін пайдалануға тиіспіз. Мен бұл саладағы талдауды мұқият қарап шықтым. Қазіргі күні шетелде білім алып, елге келген 4 мыңнан астам жас болашақтықтар бар. Осыншасы оқып жатыр. Бітірушілердің жартысынан астамы еңбекке өз мамандықтары бойынша орналаспайды. «Болашақты» бітірушілердің 85 пайызы Астана мен Алматыда қалып, 15 пайызы ғана өңірлерге барды. Мен «Дипломмен ауылға» туралы айтып, тапсырма жүктегенде сіздер оларға жағдай жасап, өңірлерге, аудандарға тарттыңыздар ма?! Ал соншама қыруар қаржы шығындалып, шетелде білім алған, тіл білетін мамандарыңыз бар ма? Бұндай жоқ. Еліміздің барлық өңірлерінен оқуға аттанғанымен, көпшілік облыстарда, бірқатар орталық органдарда «Болашақтың» бітірушілері жоқ», - деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент Н. Назарбаев шетелде білім алып, ағылшын тілін терең меңгерген білікті мамандары жоқ облыстар мен ведомстволарды атап шықты. «Сонда сіздер шетелдік компаниямен қалай тіл табысып, қалай инвестиция тартпақсыздар. Тек былтыр бітіріп келген 1 мың 300 бітірушінің әрбір үшіншісі жұмысқа орналаспаған. Бүгінгі күні бұл бағдарламамен Білім және ғылым министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік және уәкілетті комиссия айналысуда. Алайда, бұлар негізінен студенттерді іріктеп, оларды аттандырумен ғана айналысуда. Сосын қаражатты қадағалайды. Ал кім келіп, қандай жетістікті бағындырғанында, қандай маман иесі болғанында ешкімнің шатағы жоқ!», - деген Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты реттеу қажеттігін атап өтті. «Премьер-министрдің орынбасары Е. Орынбаевқа тікелей Білім және ғылым министрімен осы мәселені қарап, «болашақтықтарды» жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Ол туралы нақты жағдайды баяндап тұрасыздар», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар