Елбасы халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге жауапкершілікпен қарайтын аса көрнекті саясаткер - Сенат төрағасы
«БҰҰ Бас Ассамблеясының жетпісінші сессиясында Елбасымыз БҰҰ-ны реформалау бойынша нақты ұсыныстар айтты. Бұл бастама - Мемлекет басшысының халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге жауапкершілікпен қарайтын аса көрнекті саясаткер ретіндегі беделін көрсеткені сөзсіз. Президент соғыстардың алдын алу және тартыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен бас тартып, әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын, сондай-ақ оның себептерін жоятын жаңа стратегияға көшуді ұсынды», - деді ол.
Сонымен қатар Қ. Тоқаев БҰҰ мінберінен Елбасы көптеген маңызды бастамаларды жариялағанын еске салып өтті.
«Президент БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық лаңкестік пен экстремизмге қарсы тұра алатын біртұтас әлемдік желі құру бастамасын көтерді. Дүниежүзінде болып жатқан соңғы оқиғалар шеңберінде бұл ұсыныстың аса өзекті екені даусыз. Лаңкестікке қарсы әрекет ету саласында мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру үдерісі жоқ. Таяу Шығыстағы аса ірі лаңкестік бірлестікке қарсы жеке-дара іс-қимылдар қолданылуда», - деді Сенат төрағасы.
Қ. Тоқаев БҰҰ-ны алмастыра алатын балама жоқ екенін баса айта отырып, ҚР Президенті Ұйымның жұмысына жаңа серпін беру қажеттілігін атап көрсеткенін жеткізді.
«Шын мәнінде БҰҰ-ның барша жұртқа белгілі кемшіліктеріне қарамастан, оның халықаралық мәселелерді шешудегі негізгі рөліне күмән келтірмеуіміз қажет», - деді ол.