21:52, 26 Ақпан 2010 | GMT +5
Елбасы кәсіпкерлер шағымдана алатын ҚР Президенті Әкімшілігінің арнайы сайтын ашуды тапсырды
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кез-келген кәсіпкер электронды пошта арқылы құқық қорғау органдары өкілдерінің бизнестеріне заңсыз араласқанын айтып арыз-шағым жібере алатын ҚР Президенті Әкімшілігінің арнайы сайтын ашуды тапсырды. Елбасы бұл тапсырманы бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің 1-ші жалпы отырысында берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің өздерін тексеретін құқық қорғау органдарымен өзара қарым-қатынастарында айтарлықтай проблемалар баршылық. Құқық қорғау органдарының кейбір өкілдері бизнесмендерді қоқан-лоқы көрсетіп, бизнестеріне заңсыз тексеруге дейін барады. Бұл жайында жеке өзінің атына келіп түскен арыз-шағымдар жетерлік.
Сайттағы кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдарды жеке өзі бақылап отыратындығын айтқан Елбасы: «Сеніңіздер, заңсыз тексерген органдардың өкілдерінің өздерін ертесі күні тексеретін боламыз. Оның кім екенін, ол жерге қалай барғаны тексерусіз қалмайды», деді Президент.