Елбасы: Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күресте әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық алғы шебі бола алады

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Орталық Азия өңірінің елдері халықаралық лаңкестікпен, экстремизммен, заңсыз көші-қонмен, есірткі тасымалымен және қазіргі заманғы басқа да қатерлермен күресте әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық алғы шебі бола алады», - деді Елбасы.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы, еліміздің БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның мамандандырылған өкілдіктерінің және басқа халықаралық ұйымдардың қызметіне қолдау білдіретіндігін баса айтты.
«Өңірлік қауіпсіздіктің барлық проблемалары мен мәселелері бойынша біздің өзара іс-қимылдарымызды, оның ішінде ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨІСШК, сондай-ақ НАТО және басқа да халықаралық құрылымдармен әріптестік бағдарламалар аясында да тереңдетуге дайынбыз», - деді ҚР Президенті.