Елбасы Қазақстанның барша әйелдерін халықаралық мерекемен құттықтады

Көктемнің шуағымен бірге келетін осы мерекемен еліміздің ең асыл жандарын әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын. Осы атаулы күнге орай мен Елбасы ретінде Қазақстан атынан және еліміздің ер-азаматтарының атынан барша Қазақстан әйелдерін шын жүрегімнен бұл мерекемен құттықтап, денсаулық, үлкен бақыт тілеймін», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
«Әйел азаматтар тек қана отбасында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жұмыс істеп жатыр», - деп тоқталды Н. Назарбаев.
Президент өз сөзінде елімізде депутаттардың 22 пайызы әйелдер екенін, бұл көрсеткіш Еуропадағы деңгейден жоғары екенін қадап айтты. Мұнымен қоса Қазақстан Үкіметіндегі 3 министр нәзік жандылар қатарынан тағайындалғанын да айтып өтті.
«Қазақстанның әйел азаматтарына деген қамқорлығы орасан зор деп санау керек. Себебі, халқымыздың жартысы әйел азаматтар болғаннан кейін, оларға көңіл бөлу жыл сайын осылай арта түсуі қажет», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Елбасы құттықтауы үшін қабылдауында болған нәзік жандылардың ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, ОҚО-дан келген көпбалалы ана Гүлмира Нышанбаева, сондай-ақ еліміздің түрлі салаларында жұмыс істейтін басқа да белгілі әйел азаматшалар бар.