07:45, 29 Шілде 2012 | GMT +5
Елбасы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы болған Винокуровқа құттықтау жеделхатын жолдады
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның даңқты спортшысы Александр Винокуровқа тас жолдағы топтық жарыста Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Топтық веложарыстағы тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын! Жолды жүріп өтіп, мықты қарсыластарыңызды басып озуға Сізге өзіңізге тән мақсаткерлік пен рухтың зор күші көмегін тигізді.
Олимпиаданың алғашқы күніндегі Сіздің айқын жеңісіңіз Қазақстанның даңқын әлемге паш етті және отандық велоспорттың жоғары деңгейде екенін тағы да көрсетті.
Сіз веложарысты зор қызығушылықпен және толқыныспен қадағалап, өзіңізге шын тілеулес болған барлық қазақстандықтарға және спорт жанкүйерлеріне тамаша тарту жасадыңыз.
Біздің құраманың бұл алғашқы алтыны ХХХ Олимпиялық ойындардағы бұдан кейінгі жарқын жеңістеріміздің бастауы болсын, - делінген жеделхатта.