07:01, 01 Тамыз 2012 | GMT +5
Елбасы Майя Манезаны Лондондағы ХХХ Олимпиялық ойындарда алтын медаль алуымен және олимпиада рекордын жасауымен құттықтады
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық спортшы Майя Манезаға Лондондағы ХХХ Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алуымен және олимпиада рекордын жасауымен құттықтап, жеделхат жолдады.

Бұл туралы ҚР Президетінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша және өте айқын жеңісіңмен құттықтаймын.
Алтын медаль жеңіп алып, сен өзіңнің әлемнің үздік спортшыларының бірі екеніңді баршаға тағы бір рет дәлелдедің.
Өз шеберлігіңнің, мақсаткерлігіңнің және жеңіске деген жігеріңнің арқасында сен қарсыластарыңның үлкен құрметін, миллиондаған жанкүйердің тәнті көңілі мен қолдауын шынайы иелендің.
Қазақстандықтарды бұдан әрі де өзіңнің спорттағы жарқын жеңістеріңмен қуанта беруіңе тілектеспін, - делінген құттықтау жеделхатта.