Елбасы: Мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алу мүмкіндігі болуы керек
Сөз арасында Н. Назарбаев жастарды ең бірінші кезекте жұмысқа орналасу мәселесі қызықтыратынын, ал ол проблеманы шешу үшін бұған нақты қадам жасалуы керектігін жеткізді. Сонда ғана елімізде бұл мәселені оңтайлы шешуге болатынын айтты Елбасы.
«Мәселен, 2012 жылы 161 мың жас қазақстандық орта мектепті бітіріп шықты. Олардың ішінде 43 мыңы кәсіби колледждерге, 93 мыңы жоғары оқу орындарына түсті. 28 мың түлек колледжге де, университетке де барған жоқ, яғни кәсіби-техникалық білімсіз еңбек нарығына араласпақшы. Міне, проблема осы тұстан басталады. Бұл жерде мәселе жұмыс орындарының жоқтығында емес, мамандықта, кәсіптің жоқтығында болып отыр. Бізде инженерлер де, техник те жетіспейді», - дейді Н. Назарбаев.
Осыны айта келе, Елбасы кәсіп алуға мемлекет қолдау білдіретінін жеткізді. «Мен Үкімет алдына орта мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Барлығы жоғары оқу орнына бара алмайды, ол мүмкін де емес. Ал экономикаға техникалық мамандықтар, орта буын жұмысшылары ауадай қажет», - деді Н. Назарбаев.