Елбасы Н.Назарбаевтың Ресей мен Түркияға сапары жемісті болды

АСТАНА. 15  қазан. ҚазАқпарат -  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей мен Түркияға сапары барынша жемісті болды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
None
None

«Өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына және Түркия Республикасына екі маңызды сапары орын алған болатын. Бұл сапарлар біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуы белгісімен өтті», деді ол.

Осы ретте ресми өкіл Қазақстан мен Ресей Президенттерінің кездесуі нәтижесі бойынша екі ел басшыларының бірлескен Мәлімдемесі мен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылғандығын атап өтті.

«Түркия Республикасына сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өткізілді. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірқатар екіжақты құжаттарға және Қазақстан мен Түркия арасындағы «Жаңа синергия» атты Бірлескен экономикалық бағдарламаны жүзеге асыру жоспарына қол қойды», деді А.Әбибуллаев.

Сонымен қатар ол Ыстамбұлда екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, оның аясында 1 млрд. АҚШ долларынан астам соманы құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі 15 келісім-шартқа қол қойылғандығын еске салды.

Соңғы жаңалықтар