Елбасы отандастарымызды Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен құттықтады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті отандастар! Ардақты астаналықтар! Баршаларыңызды еліміздің елеулі мерекесі - Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн халқымызды етене жақындастыра түсетін тағылымды мереке күні. 1-ші Мамырды біз бұрында да тойлайтынбыз. Көктемнің, жаздың жылы күнімен бірге халық шаттанатын. Сол мереке қалыптасқан дәстүр бойынша қалсын деп біз бұны Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияладық», деді Мемлекет басшысы бүгін Астана әкімдігінің алдындағы алаңда өтіп жатқан мерекелік шарада сөйлеген сөзінде.
Президент бүгінгі игі дәстүрге арналған бұл мерекенің «Алтын бесік» деп аталуы бекер еместігін атап көрсетті. «Халқымызда «Туған жер - алтын бесік» деген сөз бар. Баршамыздың ортақ Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстан біздің бірлігіміздің алтын бесігі. Қашан да береке бастауы - бірлік болған. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны еліміздің жүрегі бір, тілегі ортақ түрлі этнос өкілдерінің жарасымды сүріп жатқан өмірі. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз болып табылады», деді Н. Назарбаев.
Елбасы бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық болатынын айрықша атап көрсетті. «Сондықтан біздің ең асыл қазынамыз - елдің ынтымақ-бірлігі болған. Қазақтың барлық тарихы - бірлік тарихы болған. Қазақ бір болған кезде алмаған белесі, жеңбеген жауы болмаған. Тәуелсіздік алғалы бергі біздің дұрыс жолды таңдап, парасатты саясат жүргізгенімізді төңірегіміздегі оқиғалар тағы бір дәлелдей түсті. Баршаңыз білесіздер, тынышсыз, тұрақсыз елге ешкімнен сенім болмайды. Ондай жерде бақ та қонбайды, ол ырыс-ынтымағы жарасқан елге ғана дариды», деді Мемлекет басшысы.